Энергетика

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы жарты жылды қорытындылауда


 

Аталмыш саланы дамытуға мұндай қомақты сома тұңғыш рет бағытталып отыр. Өңірдің коммуналдық шаруашылығы саласының инженерлік инфрақұрылымын қалпына келтіріп, жаңғыртуға бөлінген 4 млрд теңгенің  960 млн теңгесі «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша. Бұл жобаның негізінде 2 маңызды нысан бой көтермек.

Хасип Сюникаев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары:
– Қызылжар және Айыртау аудандарында орталық қазандық салынбақ. Айыртау ауданында жылдар бойы тұрғын үйлерде бірқалыпты температуралық режим болмаған еді. Енді әлеуметтік саланың нысандарында бұл мәселе шешілетін болады. Бескөлде де барлық нысандар пеш пен локальді қазандықтар арқылы жылытылады.

Қызылжар ауданындағы нысан 2013 жылы тапсырылса, Саумалкөлдегі қазандық биылғы жылы аяқталмақ. Есіл ауданы орталығының тұрғындары да жылыту маусымы кезіндегі температураның төмендігіне шағымдануда. Сондықтан Явленка селосындағы орталық қазандықты күрделі жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Өңірімізде «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша 450 млн теңгеден астам соманың инвестициялық жобалары жүзеге асырылуда. Бұл жоба бизнес нысандары үшін ішкі желілер мен инфрақұрылымын жақсартуға арналған.

Хасип Сюникаев, СҚО энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары:
-Бұл жоба бойынша облыс орталығында Әуезов көшесі және Болатбаев-Жуков көшелерінің қиылысында таратушы шағын станциялар салынуда.
2 нысан да шағын және орта бизнес ошақтарын электр энергиясымен үздіксіз қамтитын болады. Бизнес кәсіпорындарына баратын жолдарды жөндеу бойынша да жоба-сметалық құжаттарды әзірлеу аяқталуға жақын.

Сондай-ақ республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен Петропавл қаласының кәріздік тазарту құрылғыларын қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша көпқабатты үйлер жөнделуде.

Инеш Шоқақова