Жас сарбаздар ант қабылдады

Қоғам

13:40 16 Шілде 2012

Бүгін бұл сарбаздар үшін өте маңызды күн. Петропавл қаласының 6637 әскери бөлімі Отан алдындағы борышын өтеуге келген кезекті солдаттармен толықты. Әскери ант қабылдаған сарбаздарды Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков құттықтады.

 Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі:
– Құрметті, жас сарбаздар, әскери ант қабылдау салтанатымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздер өз өмірлеріңізді әскери қызметпен байланыстырып, отан қорғау жолын таңдадыңыздар. Бұл күрделі, бірақ қоғам үшін маңызды. Қазақстан әскері деген жоғарпы атаққа лайық болыңыздар.

Сарбаздар Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстары мен Астана қаласынан шақырылыпты. Балаларының өміріндегі маңызды оқиғамен құттықтауға ата-аналары мен туған-туыстары келіпті.

Думан Ақылбеков, әке:
 -Ант беріп жатқан сарбаздардың ата-анасы боламыз. Баламыз әскери қызметін атқаруға келгеннен бергі бір айғы дайындықтан кейін ант қабылдап жатыр. Баламызға артып отырған сенім мол, бетке ұстар азаматымыз болса деп тілейміз.

Ал Перизат Әубәкірова үшін бүгін   қос қуаныш. Оның екі бірдей ұлы Шыңғыс пен Олжас ант қабылдаған сарбаздардың қатарында. Балаларының Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқарып шығатынына сенім білдірген ананың қуанышында шек жоқ.

 Перизат Әубәкірова, ана:
 – Өте қуаныштымын. Маған қала, адамдардың адамдарға деген қарым-қатынасы өте ұнады. Мен өте сенімдімін ұлдарымның өздерін биік шыңдарға жетелейтін қарым-қатынастарды ала алатынына.

6637 әскери бөліміне биылғы көктемде барлығы 200 сарбаз шақырылыпты.

Әспет Әбдірешова