Бизнес және экономика

“Мұнаймаш” АҚ жаңа 12 станокты іске қоспақ

 

Жапондық Nakamura – Tome Super NTJX құрылғысы бірден 6 станоктың жұмысын атқара алады. Бұрғылау, кесу, фрезерлеу. Барлық жұмыс автоматтандырылған. Жұмысшылар қажетті бағдарлама мен режимді таңдаса жеткілікті. Заманауи құрылғымен жұмыс істейтін 4 маман Ресейде арнайы курстардан өткен. Кәсіпорында 2 жылдай уақыт қызмет ететін инженер-технолог Владимир Бахур да құрылғының мүмкіндіктерімен танысып қайтыпты.

Владимир Бахур, «Мұнаймаш» АҚ инженер-технологы:
Біз 1 ай бойы Воронеж қаласында курстан өттік. Станоктарда жұмыс істеу мен арнайы бағдарламаларды қолдануға үйрендік. Мына 16 тонналық станок бірден 2 бөлшекті өңдей алады. Кесу жылдамдығы мен құрылғының қуаттылығы өте жоғары.  

Кәсіпорын жаңа 12 станокты «Өнімділік- 2020» бағдарламасының аясында несиеге алып отыр. Жалпы құны  1 жарым млрд теңге. Заманауи құрылғылардың көмегімен зауыттағылар өндіріске шығарылатын өнім түрлерін арттырмақ. Әуе, машина жасау салалары мен медицинада қолданылатын жаңа бөлшектерді қолданысқа шығару жоспарда.

 Сергей Литвинов, «Мұнаймаш» АҚ техникалық директоры:
– Бұл станоктарда бөлшектерді механикалық өңдеуден өткізу уақыты 5 есеге азаяды.
Құрылғымен қоса арнайы бағдарлама да келді. Оны біздің қызметкерлер игеруде. Станоктар Жапония, АҚШ және Бразилия елдерінде шығарылған. Олардың көмегімен өндіріс көлемін арттырмақпыз.  

Қазіргі уақытта құрылғыларды орнату жұмыстары жүргізілуде. Ал тамыз айының басында станоктар іске қосылмақ. Дегенмен өндіріске үстіміздегі жылдың соңында немесе 2013 жылы шығарылады деп күтілуде.

 Инеш Шоқақова