Көлік және жолдар

Көше қиылыстарында қосымша белгілер орнатылуда



 

 Петропавл қаласында  негізгі көшелердің қиылысында бүгіндері   жөн сілтейтін белгілер орнатылған. Қазір Петропавлда мұндай жол сілтеушілердің жалпы саны – 8. Бүгінде оларды Жамбыл, Интернационал, Бөкетов көшелерінің қиылысынан көруге болады.

Мұхит Нұрпейісов, Петропавл қалалық  «Тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» ММ бас маманы:
– Қала тұрғындарын және қонақтарын ақпараттандыру мақсатында биылғы жылы көше атаулары жолдардың қиылысында орналастырылып жатыр. Барлығы 20 дана орнату көзделуде әзірше. Мердігер кәсіпкер «Дорсигнал» ЖШС  сегіз дана орнатты. 

Мұндай белгілерді орнатуға қала бюджетінен 400 мың теңге бөлінген. Бір көрсеткіштің өзі 20 мың теңгені құрайды екен. Аталған белгілер жаяу жүргіншілер мен көлік иелерінің тез бағдар жасауларына көп пайдасын тигізбек.

– Мен осында қонаққа келген едім. Ал сіздердің жолда орналасқан сілтеуші белгілеріңіз үлкен көмек болды.
– Көшедегі сілтемелер жақсы. Мәселен, үйлердің қабырғаларындағы белгілер көрінбейді, ал енді тротуармен келе жатқанда бәрі жақсы көрінеді.

Алдағы уақытта қаланың шеткері аудандарында да осындай белгілер орнату жоспарланып отыр.

Әспет Әбдірешова