Балалар

Петропавлда жаңа балабақша ашылды

 

 

 

90 жылдары жұмысын тоқтатқан «Березка» балабақшасы қайта қолданысқа берілді. 20 жасаған егеменді елдің бүлдіршіндері келер жылды жаңа “Батыр” бөбекжай-бақшасында қарсы алатын болады. Облыс орталығындағы 310 орынға шақталған тағы бір мектепке дейінгі тәрбие ошағының ашылу салтанатына қала әкімі Нұржан Әшімбетов қатысты.
Қала басшысы бөбекжайдың таспасын кесіп, тәрбиеленушілеріне компьютерлік сыныптың сертификатын табыс етті. Мердігер “Еңбек-Ақмола” құрылыс кәсіпорыны 20 млн теңгеге ескі ғимаратты қалпына келтірді. Жөндеу жұмыстары  бар болғаны 23 күнде  біткен. Барлық санитарлық талаптар орындалуда. Тағы 40 млн теңгеге заманауи қондырғы, жиһаз, керек-жарақ алынған. Сенбай мен Гүлбаршын Құжымовтар тұңғыш немерелері Ділназды көптен күткен балабақшаға ертіп әкелді. Атасы мен әжесі бөбекжайда Ділназдың қатарластарынан қалмай сапалы білім, саналы тәрбие алатынына сенімді.
Білім мекемесінің қолданысқа берілуімен жаңа жұмыс орындары пайда болды. Бүлдіршіндермен мұнда жоғары білікті мамандар жұмыс істейді. Соңғы 2 жылда облыс орталығында осы тектес 1500 балдырғанды қамтыған мектепке дейінгі тәрбие беру мекемесі ашылды. Жалпы бүгінде өңір бүлдіршіндерінің 76 пайызы балабақшамен қамтылыпты.

 Жеңіс Ермұқанов