Қоғам

Қалалық әкімдікте халыққа қызмет көрсету бөлімдері ашылды

 

 

Енді тұрғындар ұзын-сонар кезекте тұрмай, мұндағы маманның кеңесіне еркін жүгіне алады. Әрі бұрындары білім және жер қатынастары бөлімдері аптасына екі-ақ рет құжаттар  қабылдапты. Уақыт шектеулі болғандықтан шешілмеген мәселелер көптеп жиналатын дейді мемлекеттік қызметшілер. Бір терезе принципі бойынша жұмыс әлдеқайда жеңілдеген.

Ақжүніс Мұсырман, қалалық білім бөлімінің бастығы:

– Біз күніне 100-120-дай адам қабылдаймыз. Бұл кезектердің тез-тез өтуіне, тұрғындардың талап-тілегіне сай жылдам жауап беруге жағдай жасап отыр. Мұнда балаларды балабақшаға кезекке қою және қорғаншылық ісі бойынша жұмыстар атқарылады.

Жер қатынастары бөліміне жыл басынан бері 4 мыңнан аса арыз келіп түскен. Жерге қатысты мәселені жылдам шешудің кезі жетті дейді қызметкерлер.

Тілеубай Есжанов, қалалық жер қатынастары бөлімінің бастығы:

– Жалпы есепке алғанда айына 400 арыз түссе, соның 15-ін күніне қабылдаймыз. Күн сайын таңғы сағат 9-дан бастап кешкі 17.30-ға дейін жұмыс істейміз.

Константин Солдатов жер мәселесі бойынша жаңа бөлімге бүгін бірінші рет кірді.

  Константин Солдатов:

– Мамандар сұрағыма бірден әрі түсінікті жауап берді. Бірнеше минут қана бөгелдім. Мұнда қызмет көрсету дұрыс құрастырылған деп ойлаймын.

Халыққа қызмет көрсетудің жаңа секторы іске қосылғандықтан, сәйкесінше қосымша жұмыс орны да ашылды. Бала күтімімен үйде отырған Елена Коваленко үшін бұл күтпеген қуанышты жаңалық болды.

  Елена Коваленко, инспектор:

– Декреттен шығып, жұмысқа келсем, қосымша осындай жұмыс ашылыпты. Бірден іске кірісіп кеттім. Маған ұнайды. Сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз.

Халыққа қызмет көрсетудің мұндай әдісі облыс әкімінің нұсқауымен құрылған. Алдағы уақытта сәулет және қала құрылысы бөлімі де азаматтарды бір терезе принципі бойынша қабылдай бастайды.

Данаш Хамзина