Спорт

Акробаттар екі алтын медаль алып келді

 

 

Калининградта өткен ашық чемпионат 200-ге жуық спортшының басын қосқан. Онда Қазақстанның намысын Солтүстік Қазақстан облысынан аттанған 4 спортшы қорғады. Спорт додасында аралас жұпта Анастасия Бейсембаева мен Александр Зотов сәтті өнер көрсетсе, ерлер арасындағы сында Бауыржан Мағжан мен Денис Никитиннің жұбы бірінші орынға ие болған.

Александр Дорошенко, спорттық акробатика бойынша СҚО құрамасының жаттықтырушысы:
Халықаралық жарыста балалар өздерін жақсы көрсетті. Ол табанды жаттығудың арқасында болды деп ойлаймын. Аралас жұпта өнер көрсеткен Анастасия Бейсембаева мен Александр Зотов, ерлер арасындағы жұпта Денис пен Бауыржан бірінші орынға ие болды. Жалпы олар аптасына екі рет, таңертең және кешке жаттығуға қатысады.

11 жасар Анастасия Бейсембаеваның акробатикаға ден қойғанына бес жыл болған. Аталмыш спорт додасында онымен бірге жұптасып Александр Зотов өнер көрсеткен. Акробатикамен айналысқан адамның денесі сымбатты әрі келісті болады дейді спортшы қыз.

 Анастасия Бейсембаева, спорт шеберіне үміткер:
– Балтық елдері арасында өткен жарысқа қатысып келдік.
Ондағы қарсыластарымыздың бәрі мықты болды. Дегенмен өзімізді жақсы қырымыздан көрсеттік. Мұның бәрі көптеген жаттығулардың арқасында деп ойлаймын.

Жарысқа 6 елдің спортшылары жолдама алған. Польша, Швеция, Ресей, Литва, Эстония, Ресей сияқты елдерден келген спортшылардың арасында жерлестеріміз өздерін лайықты көрсеткен.

 Александр Зотов, спорт шеберіне үміткер:
– Жарыс қызықты болды. Осы турнирдің алдында біз жақында мектеп оқушылары арасында өткен жарысқа қатысып онда екінші орынды иелендік. Акробатика спортында би қадамдары мен оның күрделілігіне қарап бағалайды.

Енді спортшыларды күзде Нижний Новгородта өтетін әлем чемпионаты күтіп тұр.

Әспет Әбдірешова