Вокзал алаңы жаңа кейіпке еніп келеді

ТКШ

15:03 3 Шілде 2012

Вокзал маңын көріктендіру мамыр айында басталған болатын. Осыған дейін жұмыстың көбі атқарылып, азы қалды дейді құрылысшылар. Алаңның аумағы үлкен – 6 мың шаршы метр жерді құрайды. Мұнда көздің жауын алар және тұрғындарға жайлы біраз дүние орнатылмақшы.

  Қайролла Ғалеев, “Коммунхоз” МКК директоры:

– 2 фонтан, 2 күрке орын, 30 орындық және жарық шамдар қойылады. 360 шаршы метрге гүлдер егіледі. М. Жұмабаевтың құрметіне ескерткіш бой көтереді.

Мұнда қазір 6 мердігердің 40-тан астам жұмысшысы еңбек етуде. Саябаққа күз айында түрлі ағаштар отырғызылады. Жарық шамдары мен әңгімелесуге арналған орындықтар да өзгеше болмақ. Алаң көлемі кеңейтілгендіктен автобус аялдамасы бұрынғыдай емес, енді баудың қарсы жағынан болады. Вокзал алаңы жаңа әрі өзгеше қалыпта шілде айында пайдалануға берілмек. Сондай-ақ, биыл қаланы көріктендіру мақсатында Хименко-Юбилейная және Жамбыл – Абай көшелерінің қиылыстарында шағын демалу бұрыштары құрылады.

 Данаш Хамзина