Спорт

Колониядағы жазғы спартакиада



 

ЕС 164-3 түзету колониясында жыл сайын спорттық сайыс ұйымдастыру дәстүрге айналған. Жазасын өтеушілер биыл спорттың 7 түрінен сынаспақ. Жазғы ойындар спартакиадасы әдеттегідей салтанатты ашылу рәсімінен басталды. С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының шығармашылық ұжымы концерт беріп, жас таэквандошылар өнер көрсетті.
Ақжан Ахметолдин кезінде жасөсіпірімдер арасында грек-рим күресінен әлем чемпионы атағын алған. Бойында спортшының қабілеті қалған Ақжан колонияда да жағдай келгенше салауатты өмір салтын ұстануға тырысады.

Ақжан Ахметолдин:

– Жазасын өтеушілер арасында футбол, волейбол, арқан тартыс, қол күрестіру, гір көтеру кең тараған. Темір тордың ар жағында отырсақ та, бостандықта жүргендей ойнауға жағдай жасалғанына ризамыз.

Спартакиаданың бірінші күнінде жастар армреслингтен өзара күштерін сынап, футбол ойнады. Александр Русактың командасы өткен жылы футболдан бірінші орын алыпты. Осы жолы да допты шебер домалатып, қарсыластарын 4 / 2  есебімен жеңді.

Александр Русак:

– Жеңімпаз екенімізді тағы бір мәрте дәлелдедік. Қарсылас та мықты екен. Екі тайм бойы төтеп беру қиын болды. Дегенмен, ұттық. Ойын қызықты өтті.

Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, мұндай шаралар сотталғандардың тәртібін түзеп, денсаулығын дұрыстауға септігін тигізбек.

Айқын Баженов, ҚР ІІМ қылмыстық атқару жүйесі комитетінің ЕС – 164/3 ММ бастығының орынбасары: Жылдан жылға өздерінің спорттық дәрежелерін көтеруде. Мереке және демалыс күндері де мини футбол, волейбол ойнайды. Жоспар бойынша бұл жазғы спартакиада бір жарым айға созылады.

Спартакиада соңында жарыс жеңімпаздарына алғыс хаттар мен сыйлықтар табыс етіледі.

Данаш Хамзина