Ауа райы

Журналистерге Мағжан Жұмабаев атындағы сыйақы тапсырылды



 

Осыдан 9 ай бұрын «Журналистер одағы» мен «Баур Қазақстан» компаниясы бірлесе аймақтық журналистер мен БАҚ-на қолдау көрсету мақсатында М.Жұмабаев атындағы дәстүрлі байқау  өткізу туралы шешім қабылдаған болатын. Жарияланған бәйге 5 облысты қамтыды. Сан түрлі тақырыпта қалам тербеген тілшілердің еңбектерін арнайы комиссия 6 ай бойы сараптапты.

Сәкен Шәкіров, «Баур Қазақстан» компаниясының атқарушы вице-президенті:
– Қоғамдық ойды қалыптастыру өте маңызды іс. Ал оны дұрыс жасау әлдеқайды қиынға соқпақ. Біз үшін аймақтың БАҚ елде жүргізіліп жатқан саясатты халыққа жеткізе білгендігі маңызды. Аталмыш байқау арқылы жергілікті тілшілердің еңбегін атап өтпекпіз.  

«Аймақтағы мәдениеттің дамуы», «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы» «Журналистика ардагерінің үздік материалы» – барлығы 10 аталым. Еңбектері өзіндік сөз қолданысымен, тақырыпты оқырман мен көрерменге жеткізе білу шеберлігімен ерекшеленгендер құнды сыйлықтарға ие болды. «Телевизия және радио саласындағы үздік авторлық бағдарламаны» «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшісі Нұргүл Ахметова жасапты. «Қазақ тілі дамуының мәселелері» аталымында астаналық «Ұлағат news» газетінің бас редакторы Қуандық Шамахайұлы жеңімпаз атанды.

Қуандық Шамахайұлы, ҚР мәдениет қайраткері:
– Мен үшін бұл үлкен құрмет. Байқауларға тың серпін бермек.  

Ал «Ауыл шаруашылығы мәселелері» номинациясында жеңіс «Алаш айнасы» газетінің меншікті тілшісі Ербақыт Амантайға бұйырды. Журналистиканы дүниежүзілік ғаламтор желісінен ажыратып қарау мүмкін емес. Сондықтан байқауға интернет жобалар да ұсынылған. «Солтүстік өңірдің дамуы жайлы үздік материал» аталымында «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Өмір Есқали марапатқа ие болды.

Өмір Есқали, «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі:
– Мен журналистика саласында тура 34 жыл еңбектенудемін. Әрдайым оқиғалар ортасындамыз.  

Халқымыздың біртуар ұлы, қазақ поэзиясының биік шыңына жеткен Мағжан Жұмабаев атындағы сыйлықтың дәстүрлі байқауға айналарына ұйымдастырушылардың сенімі мол.

Инеш Шоқақова