Билік

Облыста нанотехнологиялық жобалар жүзеге асырылады



 

Материалтану және нанотехнологиялар ассоциациясы бүгінгі күні 7 елдегі 24 компанияны біріктіріп отыр. Қауымдастық біздің облыста 4 жобаны жүзеге асыруды ұсыныпты. Оның алғашқысы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға бағытталған.

Серік Қожахметов, материалтану және нанотехнологиялар ассоциациясының басқарма төрағасы:
– Бірінші жобамызды шалғай елді мекендердің тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мәселесіне арнадық. Әсіресе мектептерді, ауруханаларды, балабақшаларды тіршілік көзімен камтамасыз етуіміз қажет. Бағдарламаларды жүзеге асыруда біз ғылыми-техникалық қолдау көрсетеміз.
 
Қаржыландырудың негізгі көзі «Ақ бұлақ» бағдарламасы болуы мүмкін деп атап өтті Серік Қожахметов. Келесі жоба Петропавл қаласының тұрғын үй-коммуналдық саласындағы есептеу жүйелерін жаңғыртуды көздейді. Бұл арқылы жылу мен су шығынын 20-25 пайызға азайтуға болады екен. Үшінші жоба бойынша Петропавл қаласындағы тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін орын ашу жоспарланған. Ал соңғысы облыстағы жылу станциясының көмір қалдықтарын өңдейтін кәсіпорын құруға бағытталған. Мұны жүзеге асыру қоршаған ортаға оң әсерін тигізіп қана қоймай, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға септеспек.

Александр Қосмұхамбетов, “Қазмеханобр” мемлекеттік ғылыми-өндірістік бірлестігі директорының орынбасары:
– Біз сараптама жасап, бұл жобаның пайдасын зерттедік. Жобаға шамамен 50 млн доллар қаржы құйғанда  48,7 %-ға жуық пайдаға кенелуіміз мүмкін. Яғни оның жүзеге асуы өте тиімді.

Жобамен жақсы танысқан өңір басшысы тиімді ұсыныс жасаған қауымдастықтың төрағасы Серік Қожахметовпен меморандумға қол қойды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бұл жаңа нанотехнологиялық жобаны облысымызға енгізу қажет. Әсіресе күлді қайта өңдеу арқылы мол пайдаға қол жеткіземіз деп ойлаймын. Өйткені бұл іс табыс көзіне айналуы әбден мүмкін.

Аталған жобаларды өңірімізде жүзеге асыру инвесторларды тартуға да жол ашпақ.

Айдана Демесінова