Ауа райы

«Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпаздары марапатталды

 

 

Билік партиясы мемлекет басшысының саясатын, ұйымның қызметін сауатты көрсете алар таңдаулы ақпарат құралдарын анықтау мақсатында үшінші жыл қатарынан “Нұр Сұңқар” байқауы жариялады. Биыл шығармашылық жарыстың қорытындысы дәстүрлі түрде БАҚ күні қарсаңында шықты. Салтанатты рәсімге Парламент депутаттары, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Ерлан Қарин, “Нұр Отан” ХДП хатшысы:
– Журналист – ол өз ісінің, кәсібінің шебері ғана емес, ол өз ұстанымы бар, ұлтжанды, отаншыл азамат. Сондықтан да сіздерге тағы алғыс айта отырып, алдағы уақытта да бірлесе жұмыс істейтіндігімізге сенім білдіргім келеді.

Өткір тақырыптарға тайынбай қалам тербеп, ойын еркін жеткізе алатын қаламы қарымды журналистердің дені осында. Барлығын мазалағаны бір ғана ой сұңқар көкке көтерген алтын қауырсын кімге бұйырады? Мыңнан тұлпар 18 аталым бойынша анықталды. Қоғаммен ілесіп, жаңалықтан бұрын жүретін Астана телеарнасының жүргізушісі, шығарылым редакторы Оксана Ласкутина “Жаңалықтар тізбегі” номинациясында топ жарды.

Оксана Ласкутина, Астана телеарнасының шығарылым редакторы, жүргізушісі:
– Мен үшін бұл марапат үлкен құрмет. «Нұр Отан» ХДП журналистерге обьективті қарайтынына көз жеткіздім. Материалдарды жібергенде «үмітсіз – шайтан» демекші, үміт болды. Толқу, қорқыныш та болды. Енді қолымда сыйлық, қуанышымда шек жоқ.

Қаламды жанына серік еткеніне шамалы уақыт өтсе де Сағынгүл Сәкенова СҚО “Проспект СК” газетінде жарық көріп жүрген бірталай ұшқыр мақалалардың авторы атанып үлгерген.

Сағынгүл Сәкенова, СҚО “Проспект СК” газетінің   тілшісі:
Мен үшін бұл байқауда ерекшелену талабымның ұшталуына жол салды. Бастамамның бекер еместігіне өз басым көз жеткіздім. Қанатымды қатайтып алда жаңа деммен, ерекше шабытпен ел игілігі үшін еңбек етемін.  

Өстіп байрақты сайысқа тек республикалық БАҚ-тар ғана емес, сондай-ақ ауыл-аймақтың, алыс өңірлердің тынысымен біте қайнасып жүрген қаламгерлер де бақ сынады. Көп алдына көріне бермейтін  фототілші, оператор сынды мамандық иелері де сыйлықтан құр   қалған жоқ.

Муниципалдық телеарнаның бас операторы Вадим Блажевич “Обектив шебері” аталымының үміткері атанды. 10 жылдық еңбек өтілінің жемісін татқан әріптесіміз ел бойынша іріктелген видеоаператорлардың үздік үштігіне енді.

Вадим Блажевич, “Муниципалдық телеарна” ЖШС операторы:
СҚО атынан осындай үлкен байқауға қатысу мен үшін өмірімдегі ең маңызды оқиғаладың бірі. Келесі жылы да бағымды сынап, енді лауреаттар қатарынан көрінуге тырысамын. Ол үшін шеберлігімді шыңдай түсіп, бейнесюжет жасаудың өзге қырларын меңгеруге бел будым.  

Байқаудың басты діттегені шалғайдағы ауыл-аудандардың тыныс-тіршілігін, қаладағы қайнаған өмірдің кескін-келбетін еш боямасыз, ашық та әділ бере алар БАҚ тобын анықтау. Көзге көрінген жүйріктердің шабысына шабыт, дамуына даңғыл жол ашу. Іс-шара өз мақсатына жетті. Билік партиясы мұндай жарыстар жылдағы игі дәстүрге айналады деп сендіріп отыр.

Жеңіс Ермұқанов