Бизнес және экономика

Жаңа 10 мың теңгелік айналымға шықты

 

 

 

Жаңа 10 мың теңгелік банкнот айналымға үстіміздегі жылы мамырдың жиырма сегізі шықты. Оның бет жағында «Қазақ елі» монументі және ұшып жүрген көгершіндер бейнеленген. Ал сырт жағындағы негізгі көрініс – Ақорда мен Қазақстан картасы. Мамандар жаңа банкноттың қорғаныш деңгейінің жоғары екенін айтады.  Ескі үлгідегі банкноттарды жаңаларына ауыстыру жалған ақша жасаушылардың жолын кесу мақсатында жасалады. Банкнот дизайны әрбір 5-6 жыл сайын өзгертіледі.

– Жаңа және ескі үлгідегі банкноттар бүкіл ел көлемінде екі жыл бойы қатар жүреді. Бұдан кейін 2006 жылғы үлгідегі 10 мың теңгелікті екінші деңгейлі банктерде айырбастауға болады. Осыдан кейін тағы үш жыл Ұлттық банк сараптама өткізгеннен соң ескі үлгідегі ақшаны қабылдап айырбастайды.

Қатар қолданылу кезеңінде 2012 және 2006 жылғы үлгідегі банкноттардың екеуі де бүкіл ел аумағында заңды төлем құралы болып табылады. Егер осы уақытта кім де кім оларды қабылдаудан бас тартса, ол әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Айымгүл Әбілева