Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімі үздік түлектерді құттықтады


 

Балғын балалық шаққа «қош» дегізіп, жүректі тербейтін ерекше айтулы күн бүгін. Кеше ғана мектеп табалдырығын аттаған балалар енді алтын ұясымен мәңгілік қоштасып, үлкен жауапты өмірге қанат қаққалы тұр.

Самал Сақтағанова, «Алтын белгі» иегері:
Мектебімді қимаймын, ұстаздарымды, достарымды сағынамын. Ата-аналарыма, ұстаздарыма үлкен рахметімді айтқым келеді. Білім берді, тәрбие берді.

Бүгінгі кешке облысымыздың кілең оқу үздіктері жиналды. Олар қатарластарының алды, ұстаздары мен ата-аналарының мақтанышы. 2012 жылдың түлектерін мектепті бітірулерімен құттықтаған облыс әкімі Серік Біләлов еліміздің дарынды жастары мемлекет дамуының басты қозғаушы күші екенін атап өтті.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
Бүгін мектеп түлектері үшін өте ерекше қуаныш. Сіздер орта мектепті аяқтап, өмірге жолдама алып отырсыздар. Өмірде бір-ақ рет болатын қуанышпен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы еліміздің болашағын сапалы біліммен байланыстырады. Сондықтан Президент жыл сайынғы Жолдауында білім беру саласына үлкен көңіл бөліп, үлкен міндеттер қойып отыр.

Биылғы жылы 35 түлек алтын белгіге лайық екендіктерін дәлелдеді. Олармен бірге ерекше аттестат алған 34 оқушы мен халықаралық білім бәйгелерінде жүлдегер атанған 21 түлек және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 77 оқушыға облыс әкімі мектеп бітіру туралы құжаттары мен ақшалай сыйлық берді. Сонымен мектеп өмірі артта қалды, енді алға, жарқын болашаққа жаңа мақсат-арман жетелейді.

 Әсем Ғабдулина, «Алтын белгі» иегері:
-ҰБТ-де 111 балл жинадым. Болашақта Еуразиялық университетке “Шығыстану” мамандығы бойынша оқуға түскім келеді.

Еркетай Қантаев, «Алтын белгі» иегері:
-ҰБТ-де 115 балл жинап, “Алтын белгімді” дәлелдедім. Болашақтағы жоспарым – жоғары оқу орнына грантқа түсу.  

Биылғы жылы ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша біздің облыс төртінші орында. 344 түлек 100-ден артық ұпай жинаған. Ең жоғары 123 ұпай «ЛОРД» лицейінің оқушысы Зарина Амантаеваның қанжығасында. Осы мектеп пен қазақ-түрік лицейінің оқушылары сынақта ең жоғары нәтижеге қол жеткізген. Облыс бойынша Аққайың ауданы көш басында, одан кейін қала мектептері мен облыстық білім мекемелері.

Рәзия Қасымова, М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледж жанындағы жалпы білім беретін мектеп-лицей директоры:
-Көрсеткішіміз жақсы. Қалада үшінші орындамыз. Бізде биыл 33 оқушы мектепті бітіріп жатыр. Оның ішінде бір оқушы 121 ұпай алып, ерекше аттестатты дәлелдеді. 3 оқушы халықаралық олимпиадаларға қатысып, 1-2 орынға ие болды.

Түлектер он бір жыл білім алған алтын ұяларымен қоштасса, ұстаздар сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырады. Ал ата-ана кешегі бірінші сыныпқа барған баласының ер жеткеніне қуанады.

Ғалия Садуова:
-Бүгін үлкен қуаныш. Менде бір емес үш түлек. Біреуі балабақшаны, бүгін міне қызым қазақ-түрік лицейін, балам университетті бітіріп жатыр. Бақытты анамын.  

Бұл күнгі бар игі тілектер мен жылы лебіздер түлектерге арналды. Оларды қазақстандық эстрада жұлдыздары Әлішер Кәрімов пен Мөлдір Әуелбекова да құттықтады.

Айымгүл Әбілева