Аптадағы маңызды жаңалықтар

ҚР ішкі істер органдарының құрылғанына – 20 жыл


 

Жиырма жыл ішінде тәуелсіз Қазақстанның полициясы талай асулардан өтті. Бұның барлығы кейінгі буын үшін үлкен тарих. Мерекеге жиылған қауым өткенге бас иіп, ІІД алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Ал  тәртіп сақшылары қылмыспен күресте оққа ұшып мерт болған төрт полицейді еске алып, аспанға оқ атты.
 Кейін өңір жетекшісі Серік Біләлов жаңа ғимаратқа көшірілген облыстық ішкі істер департаментінің мұражайын ашып, мұндағы жәдігерлерді көрді. Жаңа нысанның аумағы 300 шаршы метрді құрайды.

Любовь Осинская, СҚО ІІД мұражайының меңгерушісі:
– Мұнда облыс полициясының өткен тарихын толық қамтитын 4 мыңнан артық жәдігер қойылған. Қызметінде ерекшеленген тәртіп сақшыларын өскелең ұрпақ пен жас қызметкерлер үлгі тұтсын деп жеке заттары мен құжаттары, наградаларын жинадық. Облыс аумағында қоғамды дүр сілкіндірген аса ауыр қылмыстар жайлы да ақпараттар бар. Оқиғаға қатысты материалдар мен айғақ заттар жәдігер ретінде тізілген.

Екі залда құқық қорғау органдарының 1700 жылдан  бастап Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейінгі тарихымен танысуға болады. Өзге екі бөлме егеменді елдің тыныштығын сақтау қызметіне арналған. Қай уақытта болмасын тәртіп сақшыларының мақсаты – қоғамдық қауіпсіздікті сақтау. Кәсіби мерекеде облыстық ІІО техника паркі су жаңа 21 автокөлікке толықты. Арнайы жабдықталған қызметтік көлік нысандарының кілттерін тапсырған облыс әкімі Серік Біләлов болашақта қылмыспен күрестің сапалана түсетініне сенім білдірді. Темір тұлпарлар қоғамдық тәртіпті қадағалайтын полицейлердің оңай емес қызметтерінде таптырмас көмекші болары сөзсіз. Автокөліктерді қалалық және аудандық бөлімдерөз қызметіне пайдаланады. Сондай-ақ атаулы күні қоғамдық тәртіп күзетінде жүрген полицейлерге криминалистикалық полигон мен оқу сыныбы қолданысқа берілді. Кейін биік көрсеткіштерді бағындырып, белсенді жұмыс жасаған тәртіп сақшыларының бірқатары салтанатты шараға жиналды. Өзгелері тіпті кәсіби мерекеде де тыным таппай, міндеттерін атқаруда.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Тәуелсіздіктің 20 жылында еліміздің құқық қорғау жүйесі толық қалыптасты. Бұл бағыттағы жұмыс сапалы болу үшін мемлекет тарапынан жағдайлар жасалып отыр. Өңіріміздегі қоғамдық тәртіпті сақтау және қылмыспен күресу сіздердің басты міндеттеріңіз.

Мерекелік кеште өз істерінің үздіктері құрмет грамоталары мен алғыс хаттармен марапатталды. Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қадағалау жолында ерен еңбегімен танылғандарының бірқатарының кеудесіне «ҚР полициясына – 20 жыл» медалі тағылды. Мерейтойлық кеуде белгілерінің бірі 12 жыл бойы антына берік, сертіне адал жол сақшысы Григорий Тышқа бұйырды.

Григорий Тыш,  СҚО ІІД ЖПБ аға инспекторы:
– Мерейтойлық медальға мен де ие болғаныма өте қуаныштымын. Алда да міндетімді абыройлы орындап, ҚР қызмет етемін.  

ІІ министрлігінің марапаттары да өз иелерін тапты. Мерейтойлық медаль және құқық қорғау органдарының дамуына қосқан үлесі үшін кеуде белгісі облыс әкіміне берілді. 4 полицей мерзімінен бұрын шені бойынша бір саты жоғарылады. Еңбегі бағаланғандардың қатарында Уалиханов АІІБ бастығының орынбасары Ержан Арғымбаев бар. Оның қарамағындағы 15 қызметкер жыл басынан 27 қылмыстың ізін суытпай ашып, 2 мыңнан артық заң бұзушылық тіркепті.

Ержан Арғымбаев, Уалиханов АІІБ бастығының орынбасары:
-2011 жылы бізге 10 көлік берілді. Оның көмегімен ауданның шалғай округтеріндегі қылмыстық жағдайды реттеп отыру әлдеқайда жеңілдеді.  

Бұл күні ардагерлер қауымы да құрметке бөленді. Мерекеге орай жарыққа шыққан “Борыш, Ерлік, Даңқ СҚ полициясы” кітабының алғашқы даналары қадірменді меймандарға тарту етілді. Сондай-ақ жиналғандарға құрмет кітабы таныстырылды. Салтанатты шарада 100 тәртіп сақшысынан құрылған хордың тұсауы кесілді. Өнер ұжымы жиналғандарға өңір полицейлерінің жаңа әнұранын орындап берді.

Жеңіс Ермұқанов