Қоғам

Сардарлар қатарына 154 лейтенант қосылады

ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының 154 курсанты алғашқы офицерлік  «лейтенант» шенін және жоғары әскери оқу орнын бітіргені туралы диплом алып шықты. Олардың 15-і әскери институтты «үздік» тәмамдап отыр. Түлектерге салтанатты түрде дипломдары мен әскери шенін облыс әкімінің орынбасары Александр Чжен мен Ішкі әскерлер Қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Мәткәрімов табыстады. Лейтенант Азамат Әбділлаев 4 жыл курсанттардың алды болған. Бүгінде ол институтты «Әскери оқу орнын үздік бітіргені үшін» кеуде белгісімен аяқтап отыр. Оның есімі Құрмет тақтасынан орын алды.

Азамат Әбділлаев, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының түлегі:

 

– Болашақта маған артқан сенімдерін ақтауға тырысамын. Елімізге, Отанымызға, Президентіміздің саясатын дамытуға өз атымнан және де курсанттардың атынан сөз беремін.

ҚР ІІМ ІӘ Қолбасшысының бұйрығымен 144 түлек еліміздің барлық аймақтарындағы Ішкі әскерлер құрамалары мен бөлімдеріне қызмет етуге жолдама алды, 8-і ҚР ҰҚК Шекара қызметінде  Отан қорғайды,  2 лейтенант ҚР Төтенше жағдайлар Министрлігінде қызмет етпек. Шараға қатысқан меймандар мен ата-аналардың назарына Әскери институт курсанттары әзірлеген қойылымдар ұсынылды. Оны саптық ән айтумен 2012 жылғы түлектер – 4-ші оқу батальонының жеке құрамы ашты. Еліміздің ішкі әскерінде қызмет ететін білікті кадрлардың дені – Петропавл әскери институтының түлектері. Бүгінде 15 жылды еңсеріп отырған Әскери институттан офицерлердің алғашқы легі ел Тәуелсіздігінің онжылдық мерейтойында қанат қақты. Осы мерзімде оқу орнын 2046 офицер тәмамдаған.  

 Жұмабек Ахметов, ҚР ІІМ ІӘ әскери институтының бастығы:

-Біздің қабырғадан түлеп ұшақалы тұрған әрбір курсантпен әңгіме жүргізу салтқа айналған. Кеше ғана оқуға келген бозбала, міне бүгін білікті маман, Отанын қорғаушы азамат. Олардың әскери институтта алған білімдері мол, қай жерге барып жұмыс істесе де, абыроймен, адал атқарады. Себебі, оларда білімнің негізі қаланған, тек кәсіби біліктіліктерін арттырып отырады.

Салтанатты мереке дәстүр бойынша «Офицерлер вальсімен» аяқталды.

Әсел Күшенғалиева