Аптадағы маңызды жаңалықтар

Іскерлік ынтымақтастық туралы меморандум

 

 

Ресейдің Пенза облысынан келген кәсіпкерлер делегациясы екі күн ішінде өңіріміздегі бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысып, олар шығаратын өнімдерді көрген. Жергілікті кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, өзара тиімді әріптестік байланыс орнату жолдары қарастырылды. Бұл кездесулердің нәтижесі де айтарлықтай көрінеді. 100-ге жуық келісімге қол жеткізіліпті. Енді әріптестік қарым-қатынасты әрі қарай дамытып, кеңейтудің мүмкіндігі мол дейді тараптар. Бірлескен кәсіпорындар құру жоспарланып отыр.

Октябрь Желтиков, Пенза облысы губернаторының кеңесшісі, Ресей Федерациясы:
Солтүстікқазақстандық бизнес-элита өте белсенді. Іс-сапар барысында мұндағы бизнес ахуалмен жете танысып, жұмыс жасауға қандай мүмкіндіктер барын байқадық. Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен тек сатып алу-сату бағытында ғана әріптестік орнатпай, бірлескен кәсіпорындар ашуға әбден болады. Әріптестіктің  негізгі бағыттарын анықтадық. Бұл ауыл шаруашылығы, машина жасау, тамақ өнеркәсібі, фармацевтикалық салада қарым-қатынасты нығайтуға мүмкіндік мол.

Қайрат Бекенов, облыс әкімінің орынбасары:
-СҚО және Пенза облысы бір-біріне ұқсас.
Оларда машина жасау саласы, фармацевтикалық мекемелер дамыған.Бізге тиімді және оларға тиімді жобаларды қарастырып отырмыз.

Тараптар тығыз әріптестік орнату ниеттерін құжат жүзінде бекітті. Екі облыстың сауда-өнеркәсіп палаталарының арасында жасалған өзара ынтымақтастық жөніндегі келісім – іскерлік қарым-қатынасты нығайтып, бизнесті дамытуда жаңа мүмкіндіктерге жол ашпақ.

Эрик Аитов, “Ауыл шаруашылығы техникасы зауыты”  ЖШС директоры:
Бүгін өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылды. Енді оның аясында өзара әріптестігіміз нәтижелі бола түспек. Осы іссапар барысында бірқатар келіссөздер жүргіздік. Серіктестік жасауға ниеттіміз. Бізде ауыл шаруашылығы техникасын құрастыруға мүмкіндік бар. Енді бұл бастаманы жүзеге асыру жолдарын қарастырамыз.

Игорь Комиссаров, “Завод Граз” ААҚ бас технологы, Ресей Федерациясы:
Осы сапар барысында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлермен кездесіп, әріптестік орнату жолдарын қарастырдық. Мүмкіндіктер бар. Бірлескен кәсіпорын құруды жоспарлап отырмыз. 2013 жылдан іске кірісеміз.

Енді қыркүйек айында солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер Пенза облысына бармақшы. 

Айымгүл Әбілева