Балалар

Студенттердің еңбек биржасы



 

Жуырда өңірімізде өткен ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты кеңесінде солтүстікқазақстандықтар студенттік еңбек биржасын құруды ұсынған болаты. Белсенді жастардың өтініші жергілікті басшылықтың қолдауын тапты. Басты мақсат- еңбекке жарамды студенттерді демалыс уақытында маусымдық жұмысқа тарту.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Бұл мәселені жұмыс тәртібінде қарап құптадық. Арнайы құрылған топ кәсіпорын жетекшілерімен жоғары және орта кәсіптік оқу ордаларының басшыларымен кездесті. Бәрінің ойы бір жерден шықты. Игі іс өңір үшін өте маңызды.

Жаңадан құрылатын әлеуметтік қызметтің жұмысы 9 бағыт бойынша жүргізілетін болады. Ең алдымен демалыс уақытында еңбек етіп, табыс тапқысы келетін студенттер ортақ базаға тіркеледі. Ақпараттық жүйе өз ішінен салаларға жіктелмек. Мәлімет жиналған тізім жаңартылып тұрады.

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:
– Кәсіпорындар басшыларымен жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесін қарастырамыз. Оларға жұмыс күшін іріктеп алуда көмек жасалады. Бос орындарына жәрмеңкелер өткізіледі. Жұмыспен қамту орталықтары арқылы әлеуметтік еңбекке тарту бағытында істер атқарылмақ. “Жасыл ел” және студенттік құрылыс жасақтары құрылатын болады.  

Бүгінде көбіне табыс көзін іздеушілердің ұсынысы мен мекеме басшыларының сұранысы сәйкес келе бермейді. Негізінен жоғары білім мен еңбек өтілі  болуы талап етілетін көрінеді. Студенттік еңбек биржасы бұл мәселелердің барлығын ескеріп, жастардың сұранысын негізге ала отырып іс қылады.

Надежда Патюткина, СҚО білім басқармасы бастығының орынбасары:
– Бүгінде облысымыздың кәсіптік лицейлері мен колледждерінде 17 мыңнан артық оқушы бар. олардың тек 300-ге жуығы оқу мен жұмысты қатар алып жүр. Біз сауалнама жүргіздік. Оның қорытындысы бойынша қаладағы орта кәсіптік оқу ордаларының 1048 шәкірті демалыс уақытын тиімді өткізіп, ақша табуды көздейді екен. Қала мектептерінің 800 -ге тарта жоғары буын оқушылары да жаздың үш айында жұмыс істеуге құлшыныс танытты.

Өңір басшысы бұл орайда қоғамдық жұмыстар атқаратын оқушылардың тізімін жасақтауды тапсырды. Пилоттық жобаға атсалысуға мемлекеттік органдар, ұстаздар қауымы, кәсіпкерлермен қатар үкіметтік емес ұйымдар тілек білдірді. Барлық ақпараттық және ұйымдастырушылық шаралар ішкі саясат басқармасы мен жастар ресурстық орталығына жүктелетін болады.

 Сергей Белов, “Активная молодежь” ЖҚБ жетекшісі:
– Біз жұмыс ұсынушылар мен жастарды біріктіретін боламыз. Түйіндемені дұрыс толтырудың өзі маңызды. Мекеме басшысымен кездескенде өзін қалай ұстау керек. Көп жағдайда қажетті ақпаратты дұрыс алмағандықтан еңбек орнында тұрақтамайды. Осы мәселелерді шешудің жолдарын үйретеміз.  

Жиын соңында өңір жетекшісі студенттік еңбек биржасын құруда тиісті басқармалар басшылары мен жастар ұйымдарына бірқатар тапсырмалар жүктеді.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Мемлекеттік тапсырыс бойынша студенттік еңбек биржасын құруға қажетті құжаттарды 10-шы сәуірге дейін әзірлеу керек. Осы уақытқа дейін жастар ұйымдары жоба жайында студенттерді барынша ақпараттандырсын. Орталық базада жұмыс беруші мен іздеуші жайында толық ақпарат болу керек. Аудан әкімдері еңбек етемін деген ауыл жастарының тізімін құрсын. Уақытша жұмыс орындары ашылсын.

Жаңа әлеуметтік қызмет өз жұмысын сәуірдің 12-сі күні бастайтын болады.

Жеңіс Ермұқанов