Қоғам

Мүгедектер кәсіпорнының өнімдеріне сұраныс бар

 

 

 

Көрпе, жастық және киім-кешек. Мұның бәрі  мүгедектердің оңалту кәсіпорнында шығарылады. Өнімге сұраныс бар. Бағасы да қолжетімді. Қазіргі таңда мұнда 22 адам еңбектенуде. Жыл соңына дейін 10 млн теңге сомасындағы тапсырысты орындау көзделіп отыр.

Нұршида Қазкенова, «Петропавл қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ тігіншісі:
– Біз ауруханалар, емханалар үшін бұйымдар тігеміз. Тапсырыс көлемі өткен жылғыдан азырақ.

Лидия Черепашкина кәсіпорында 5 жылдан астам уақыт бойы жұмыс істейді. Негізгі кәсібі – тігінші. Сондықтан іс  машинасының қыр-сырын жетік біледі. Шебердің қолынан шыққан бұйымдардан да мін табылмайды.

Лидия Черепашкина, «Петропавл қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ тігіншісі:
– Ұжымымыз жақсы. Жалақы да көңілімнен шығады. Жақында осы мекемеден зейнетке шықпақпын.

«Петропавл қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ -де «Әлеуметтік такси» қызметі де бар. 3 машина 1-ші, 2-ші топтағы мүгедектер, ҰОС қатысушылар мен оларға теңестірілген азаматтарға қызмет етеді. Қазіргі таңда облыс орталығында мұндай 7000-нан астам тұрғын бар.

Валентина Перепадя, «Петропавл қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ диспетчері:
– «Әлеуметтік такси» қызметінің пайда болғанына 3 жыл. Оның көмегіне жүгінетіндер өте көп. Сондықтан жүргізушілер таңғы сағат 8-ден жұмыс істейді.

Биыл «Петропавл қалалық мүгедектер қоғамы» ҚБ 25 жылдығын атап өтпек.

 Инеш Шоқақова