Денсаулық сақтау

Пневмококк инфекциясына қарсы шаралар



 

Пневмококк дертіне қарсы екпе жасау әлемнің 52 дамыған елінде енгізілген. Ал Қазақстан ТМД мемлекеттерінің арасында пневмококк инфекциясына қарсы ем жүргізу шарасын Ұлттық күнтізбеге алғаш болып енгізген. Өйткені 2004 жылы пневмониямен ауырған балалардың саны 100 мың халыққа шаққанда 865 болса, 2009 жылы бұл көрсеткіш 1347 жағдайға артқан.

Арман Күшбасов, Петропавл қаласы бойынша МСЭҚБ эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бастығы:

– Республикада пневмококк инфекциясына қарсы егу жұмыстарын жүргізудің арқасында 5 жасқа дейінгі балалар арасындағы пневмонияға шалдығу
50 пайызға, ал өлім көрсеткіші 20 пайызға төмендейді деп күтілуде.

СҚО вакциналау жұмыстары үстіміздегі жылғы мамырдың 1-інен басталған. Эпидемиологиялық маусым басталғалы барлығы 690 балаға екпе жүргізілген. Десе де бұл шараны қажет деп таппаған ата-аналар да бар.

Арман Күшбасов, Петропавл қаласы бойынша МСЭҚБ эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бастығы:

– 34 ата-ана иммунизация шарасынан бас тартқан еді. Кейін ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілген соң, 20 сәби тиісті екпені алды.  

Аталмыш ауруға қарсы екпе сәбилерге 2, 4 айда және бір жаста қойылады.

Әсел Күшенғалиева