Денсаулық сақтау

«Пайдалы медициналық кеңестер аллеясы»



 

Күре тамырға ине салудың жолдары, тамырды қалай жылдам табуға болады, қолға бұрау салудың тәсілдері. Мамандар бұл сұрақтарға жауап беріп қана қоймай, сонымен қатар муляжда көрнекі түрде халыққа көрсетіп берді. Зульфия Студенихина күнделікті өмірде туғандарыма екпе жұмыстарын жүргізсем де, күре тамырға ине салып көрмеппін дейді.

Зульфия Студенихина:

Әрине, қорқыныш болды. Десе де, сақтықта қорлық жоқ дегендей, барлығын үйрену керек. Мына муляж үйренемін деушілерге өте ыңғайлы екен. Себебі, жай ғана ине сала бермейсің, егер тамырды тапсаң, шприцке сұйықтық жиылады.

Ал қан құрамындағы холестеринді анықтауға көп уақыт кетпейді. Тек саусақ басынан қан тапсыру керек. Содан кейін арнайы тест таяқшалары және құрал арқылы холестериннің қандағы концентарциясы анықталады. Оксана Родинаға уайымдаудың жөні жоқ, себебі сараптама қорытындысы жақсы деген нәтиже берді.

Оксана Родина:

– Өте ыңғайлы, ешқандай ұзын-сонар кезек жоқ. Медицина қызметкерлерінің жұмысы ұнады.

№2 қалалық ауруханның мамандары скринингтік бақылау бойынша ақпарат берді.

Ғалия Жаманкина, салауатты өмір салтын қалыптастыру бөлімінің меңгерушісі:

– Скрининг тексерістің мақсаты – белгілі бір жастағы адамдардың артериалдық гипертониялық ауруын анықтау, сондай-ақ, жүрек ауруын, қант диабетін анықтау. Сонымен қатар қатерлі ісік ауруларын анықтау мақсатында жүргізіледі.

Сонымен қатар дәрігерлер адамдардың қан қысымын өлшеп, қант мөлшерін тексеріп, қыз-келіншектерге кеңес беруде. Ал медицина колледжінің студенттері мен мұғалімдері «ВИЧ-тің жұғу жолдары» туралы тренинг ұйымдастырды. Аталмыш акция тұрғындардың қызығушылығын тудырды. Себебі, саябаққа демалуға келген олар, дәрігерлердің пайдалы кеңестерін алды.

Лариса Беляева, СҚО салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры:

– Өкініштісі сол – тұрғындар аурудың ең белең алған кезінде ғана дәрігер көмегіне жүгінеді. Сондықтан осы іс-шараны өткізу арқылы медицина тұрғындарға қолжетімді екенін көрсеткіміз келді. Кез-келген уақытта қол ұшын беруге дайын екенімізді халыққа жеткізбекшіміз.

Акция барысында ересектерге салауатты өмір салтын насихаттайтын үнпарақтар таратылды, ал балаларға «Зиянды әдеттер ғаламшары» дискісі тарту етілді.

Әсел Күшенғалиева