Спорт

Футболшыларды қаржылық қолдау артпақ



 

Үлкен футбол алаңындағы бірінші лига ойындарының 8 туры артта қалды. Жергілікті аяқ доп шеберлері біріншілік басталғалы 4 ойында қарсыласты тізе бүктіре білсе, екеуінде ұтылып қалды. Тағы соншасын тең өткізді. Нәтижесінде  24 ұпайдың 10-н уыстарынан жіберіп алып, турнир кестесінің 7-ші  сатысына тұрақтады. “Қыжылжар” ФК мүшелерімен кездескен өңір жетекшісі жағдайды жақсартудың жолдарын қарастыруды тапсырды. Серік Біләлов оған қажетті қолдан келген көмекті аямайтындығын жеткізді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Құраманың қаржылық мәселелерін шешуді жергілікті басшылық өз мойнына алады. Ол жағын өзім бақылайтын боламын. Футболшыларды тасымалдайтын автобус 10 жылдың ішінде қызметін атқарып болды. Оны жөндей бергенше жаңасын алған дұрыс. Сондықтан көлік жөнінде қам жемеуге болады. Футболшылардан тек әдемі жеңістер күтеміз. Бар шаруаларың алдағы кездесулерде бізді жерге қаратпайтындай ойын өрнегін көрсетудің амалдарын іздестірумен болсын.
 

Өңір жетекшісі алаңды аралап, жасанды жасыл төсеменің бүгінгі күйімен де танысты. Бұл алаңда алдағы екі ойында қызылжарлықтарға біраз тер төгіп, бар шеберліктерін танытуға тура келеді. Маңызды кездесулер біріншіліктің көшін бастаған Өскеменнің “Востогы” және Семейдің “Спартагымен” өтеді.

Юрий Чухлеба, “Қызылжар” ФК бас бапкері:
– Осы екі ойында басым түсу үшін тынымсыз жаттығып жатырмыз. Жанкүйерлердің қолдауымен өз алаңымызда дес беруге болмайды. Маусымды кемінде үздік бестіктің ішінде аяқтау үшін ауадай қажет ұпайларды бөлісуге болмайды. Қандай спорт түрі болмасын, сайыскерлер тек жеңіс үшін шығады.  

Қызылжарлықтарды бастаған Юрий Чухлеба сәттілікке емес, жаңа ойыншыларға үлкен үміт артып отыр. Биылғы маусымда құрам 6 бірдей легионермен толығыпты.

Денис Малинин, “Қызылжар” ФК шабуылшысы:
-Техникалық жарақтандыру жағы сәл қолайсыздық тудырады. Облыс әкімі бұл мәселені шешемін деді. Есесіне  алаңсыз ойнап, бір жемісі болатынына сенімдімін. Командаға келсек бірін-бірі жақсы түсінеді. Тез сіңісіп кеттім. Шабуыл шебін сеніп тапсырған үмітті ақтап, жеңіс голдарын соғуға тырысамын.

Уақыт сыншы, қайсысының бағы асып, бабы шабатытын алдағы кездесулер көрсетеді.

 Жеңіс Ермұқанов