Білім

Жоғары оқу орындарының оқытушылары Петропавлда бас қосты



 

Республикалық оқу-әдістемелік кеңеске қатысушылар алдымен ғылыми еңбектер мен инновациялық жобалар көрмесін тамашалады. Көрме – оқытушылар мен студенттердің бірлесе жасаған зерттеулерінің нәтижесі. Мәселен, органикалық химия және жоғары молекулалық қосылыстар  кафедрасы табиғи жолмен таза майларды жасауды қолға алыпты.

Марианна Лежнева, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ доценті:
– Біз қайың ағашынан косметикалық заттар жасаймыз. Ең алдымен қайыңнан кремдер әзірлеуді қолға алдық. Мұнда теріге жағымды әсер ететін пайдалы заттар кешені бар. Біздің табиғатымыз бай. Сондықтан осындай заттарды жасау өзіміздің де қолымыздан келеді.
  

Оқытушылардың ғылыми жұмыстары, ЖОО-дағы оқу-әдістемелік мәселелердің жүргізілу тәртібі мен әзірленген оқу құралдарының сапасын кеңес мүшелері қарастырмақ. Еліміздің оқытушы-профессорлары кеңес мүшелерінің назарына жаратылыстану және гуманитарлық бағыттар бойынша 100-ден астам оқулық ұсынып отыр. Олардың сапалы әрі кәсіби деңгейде жазылғандары отырыста құпталып, барша ЖОО-на таратуға ұсыныс жасалатын болады. Сондай-ақ оқу үрдісінде «Үш тұғырлы тіл» ұлттық жобасын жүзеге асыру барысы да кеңінен талқыланды.

Ғалымқайыр Мұтанов, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры:
– Бәсекеге қабілетті болу үшін болашақ мамандар толық оқу бағдарламасын игеріп, 3 тілде өз ойын жеткізе алуы тиіс. Сол төңіректе де үлкен әңгімелер болады.

Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі секциясының көшпелі отырысы тұңғыш рет өткізіліп отыр. Кеңестің құрамына 22 ЖОО енген.

Оңдасын Әшімов, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:
– Жиында оқу үрдісінің сапасын арттыру мәселесіне ерекше көңіл бөлінбек. Біз республикадағы ЖОО ішінде алғашқылардың бірі болып қашықтан оқыту жүйесін енгіздік. Қазіргі таңда бакалавриаттың 5 мамандығы бойынша студенттер осы жүйемен білім алуда.

Осылайша, әр ЖОО енгізілген жаңашылдықтарымен бөлісіп, отырыс барысында бір-бірімен тәжірибе алмаспақ.

Инеш Шоқақова