Спорт

“Надежда” спартакиадасы

 

 

Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында өтіп жатқан спартакиадаға бұл жолы 200-ге жуық азамат жиналды. Сайыскерлер спорттың бірнеше түрінен бақтарын сынауда. Тартысты додада Қазақстанның намысын шетелдерде қорғап жүрген спортшылар да бар. Мәселен, Евгений Тетюхин егде жасына қарамастан бірнеше рет еліміздің туын көкке көтерген. Соңғы Қорған қаласында өткен халықаралық чемпионатта арба жарысынан 1 орынға ие болған. Ал, Бүгін ол өз қатарластарын қолдауға келіпті.

Евгений Тетюхин, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:
-Қорған қаласында өткен жарыста 10 км қашықтықты бағындырдым. Алда Омбы, Челябі, Түмен, қалаларында өтетін кезекті марафонға дайындалып жатырмын. Мен бүгінгі жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеймін. Олардың да арасынан мықтылар суырылып шығар деген ойдамын.

Ал  Ғ.Мүсірепов ауданының намысын қорғауға келген Бибігүл Тоқпанова осы жарысқа 2 жыл қатарынан қатысып жатыр. Спортшы өткен жылғы додада 2 орынға тұрақтапты.  Жарыс жолына шыққандар 60 метрлік қашықтықты бағындыруы тиіс. Нәзік жандар арасында бірінші болып мәре сызығын Елена Ишмаева кесті. Бұл спортшының 4-ші жеңісі.

Елена Ишмаева, жарысқа қатысушы, Мамлют ауданы:

– Бізді ұмытпай қоғам өміріне араластырып жатқанына дән ризамыз. Жарыс дәстүрге айналған. Мен өзім барлық сайыстарға қатысып, бас жүлдені қолдан бермей жүрмін.  

Облыстық спартакиада 3 күнге жалғаспақ. Ертең спортшылар қазақтың ұлттық ойыны тоғыз құмалақтан бақтарын сынамақ.

Гүлбану Ахметова