Білім

Солтүстікқазақстандық түлектердің бірінші легі ҰБТ тапсырып болды

 

 

Университет алды таң атқаннан ұзын-сонар кезек күткен адамға толған. Барлығы да сағат түскі 2-ге дейін апелляциялық комиссияның алдына барып арызданып үлгергісі келеді. Өз кезегін күтіп отырған жастар қалың ой үстінде. Өйткені, комиссия арызды құптамауы да мүмкін. Қазақ-түрік лицейінің түлегі Әлібек Әбілевтің де көңілі күпті. Оған 5 деген баға алуға 2-ақ балл жетпей қалған.

 Әлібек Әбілев, түлек:

-Орыс тілі мен Қазақстан тарихынан жаңылыс сұрақ келді деп ойлаймын. Комиссияға сол туралы айттым. Енді жауабын күтудемін.Жалпы 108 балл жинадым.

Ал Зарина Амантаеваның бағы жанды. Ол өз нәтижесіне  риза, апелляцияға барудың да қажеті жоқ дейді. Тестілеудің бірінші күнінде ең жоғары 123 балл жинаған болашақ абитуриент енді қандай мамандыққа құжаттарын тапсыратынын ойластыруда.

  Зарина Амантаева, “Алтын белгі” иегері:

-Қуаныштымын.Оқытушыларымның демеуі мен өзіме деген сенімнің арқасында «Алтын белгіні» ақтадым. Еңбегім зая кеткен жоқ. Техникалық мамандықты таңдағым келеді.

Сонымен, 98 «Алтын белгіге» үміткердің тек 23-і ғана ақтап шыққан. Тестілеудің қорытындысы бойынша әзірге, «Лорд» мектеп-лицейі мен Қазақ-түрік лицейі  көш басында. Аудандар арасында М.Жұмабаев ауданы алда.

 Жангелді Сейтзадин, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

– Қазіргі уақытта 175 арыз келіп түсті.Соның 101-і тест мазмұны бойынша,74-і техникалық себептер жөнінде.

Барлық пәндер бойынша қабылданған сұрақтарды жергілікті комиссия қарастырып, нәтижесін Астанаға жібереді. Нақты шешімді республикалық комиссия мүшелері қабылдайды.

Данаш Хамзина