Мәдениет

“Жұлдыздар шеруі” – Петропавлда


 

ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, елімізге танымал скрипкашы және дирижер Марат Бисенғалиев,  ҚР еңбек сіңірген қайраткері  пианист Әмір Тебинихин және “LA PRIMA VERA” президенттік камералық оркестрінің дирижеры Абзал Мухитдиновты жергілікті жұртшылық қуана қарсы алды. Аймақ басшысы Серік Біләлов өнерін әлем мойындаған жұлдыздардың жергілікті сахнада өнер көрсетуі үлкен жаңалық деді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Бұл жұлдыздардың есімдері әлемге әйгілі. Мәдени салада  Қазақстанды сырт елдерге танытып жүр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев біздің жұлдыздардың шығармашылығы мен дарындылығын жоғары бағалады. Сондықтан да біз Солтүстік Қазақстан жерінде осындай дарын иелерін қарсы алудамыз. Оларға шығармашылық табыстар тілеймін.  

Дарынды скрипкашы Марат Бисенғалиевтің кешіне жиналған жұрт оның туындыларын ұйып тыңдады.  
Маэстро біздің өңірге араға ұзақ жылдар салып келіп отыр. Осыдан 16 жыл бұрын ол Петропавл сахнасында өнер көрсетіп, солтүстікқазақстандықтарды тамсандырған екен.

Марат Бисенғалиев, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері:
– Қазақстандықтар үшін өнер көрсетіп жүргеніме қуаныштымын.
Петропавлдықтар өнерді бағалай біледі екен. Мен бұған дейін Көкшетау қаласында және Тайландта екі концерт бердім.
 
Марат Бисенғалиев Үндістанда өз оркестрін құрған. Өнер ұжымы  даму үстінде. Кеште Әмір Тебинихин Вольфганг Моцарттың туындыларын орындап, тыңдарманның құлақ құрышын қандырды. “Жұлдыздар шеруінде” Абзал Мухитдиновтың жетекшілігімен “LA PRIMA VERA” президенттік камералық оркестрі кештің сәнін аша түсті.

Абзал Мұхитдинов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:
– Бағдарламаның жартысы қазақ музыкасы.
Қазақ музыкасына өте терең мән береміз. Өткені президенттік оркестр болған соң бірінші орында қазақ музыкасы тұрады.  

Әлемдік жұлдыздардың қатысуымен өткен классикалық музыка кеші петропавлдықтар мен қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлады.

Гүлбану Ахметова