Қоғам

Реквием-кеш

 

 

1921-1954 жылдар аралығында Кеңес мемлекетінде 3 миллион 777 мың адам жазықсыз сотталған, оның 642 мыңы атылып кеткен. Сол тоталитарлық жүйенің құзырында 953 лагерь болды. Тек 1937-38 жылдардың өзінде ғана республикада 100 мыңнан астам адам жазықсыз түрмеге қамалды, оның 25 мыңы атылды.

 Жасұлан Құдабаев, тыл еңбеккері:

-Соғыста мылтықтың оғынан адам қаза тапса, бұл кезде аштан қатырып, түрмеге жапқан. Бұл сондай   ауыр жыл. Әсіресе, мына біз көзіміз көрген қауымға өте қиын. Халық үшін олар араша түсіп, халықтың жағдайын түзеу үшін өз өмірлерін опат еткен адамдар.

Зұлмат жылдары Қазақстан жеріне 1 млн 209 мың адам жер аударылған. 31 мамыр солақай саясаттың құрбандарын еске алу күні ретінде тарихта мәңгі қалады дейді ұйымдастырушылар.

Наталья Кудинова, “Basis” үкіметтік емес ұйымының “Ресурстық орталық” ҚБ төрайымы:

– Бұл күні солақай саясаттың құрбандарын еске аламыз. Іс-шара барысында біз олардың сол кезде ашық айта алмаған ойын өскелең ұрпаққа жеткізіп, бастан кешірген қиыншылықтарын баяндаймыз. Қуғын-сүргін 30-50 жылдары қазақстандық жанұялардың ешқайсысын айналып өткен жоқ.  

Жазықсыз қапасқа қамалып, атылған, солақай саясаттан зардап шеккен азаматтардың рухына тағзым ету кешіне студенттер, зиялы қауым өкілдері жиылды. Олар зобалаң жылдарды көздеріне жас алып, еске түсірді.

Әсел Күшенғалиева