Балалар

«Тарих білгірлері»


 

Мемлекеттік рәміздердің 20 жылдығына арналған шараның басында залға еліміздің көк байрағы енгізілді. Бұл мәртебе «Арлан» әскери патриоттық клубының мүшелеріне бұйырды.

Данияр Ноқышев, Петропавл құрылыс- экономикалық колледжінің студенті:
– Біз жақсы білім алу арқылы Отанымызға деген сүйіспеншілікті көрсетуіміз қажет. Тарихымызды біліп, мемлекеттік рәміздерді құрметтеу борышымыз деп ойлаймын.

Кейін жиылғандардың барлығы  мемлекеттік әнұранды орындады. Шараға келгендер «Тарих білгірлері» ойынына белсенді қатысып, сұрақтарға жауап берді. Мұнда жастардың елдің белгілі тұлғаларын, мерекелерін, тарихын білуі сарапқа салынды. Сауалдарға дұрыс жауап берген студенттер шағын сыйлықтарға ие болды.

Наталья Гусева, «Жастар салауатты өмір салты үшін» ЖҚБ төрайымы:
– Жастар мемлекеттік рәміздерді біліп, оны құрметтеуі керек. Тәуелсіздігіміздің белгілеріне қатысты барлық ақпаратты білуі парыз. Өйткені олар бұл елде туып, өсті.  

Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтау керектігін кейінгі буын өкілдері де жақсы түсінеді. Сондықтан да мұнда бейнеленген әрбір символдың мағынасын, тарихын жақсы біледі.

Мақпал Сабыр, Петропавл құрылыс- экономикалық колледжінің студенті:
– Мен үшін мемлекеттік рәміздер өте бағалы болып саналады. Өйткені Қазақстан мемлекетінде тұрып жатқандықтан рәмізім, туым, әнұраным ол мен үшін өте жақын. Қазақстан рәміздерін қастерлеп, сүйіп, оны пір тұтамын.

Айдана Демесінова