Білім

«Мемлекеттік тіл-менің тілім»



 

Үш тілді жетік меңгеруді мақсат еткен Карине Заргарян көптеген мәнерлеп оқу сайыстарының жеңімпазы. Қазіргі таңда №4 орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі. Қазақ тілін үйрену – барша қазақстандықтардың міндеті дейді ол.

 Карине Заргарян, №4 орта мектептің ағылшын тілі мұғалімі:

– Үш тіл білу – әр Қазақстан азаматының міндеті. Соның ішінде мен де қазақ тілін оқимын. Осы тілді меңгеру арқылы мен қазақ мәдениетіне өз алғысымды білдіремін.

Жалпы жарыс 3 кезең бойынша өтті. Бірінші айналымда білімгерлер өздерін таныстырса, 2-ші турда ережеге сәйкес қазақ халқының салт-дәстүрлеріне байланысты  кем дегенде 10 мақал-мәтелдер жатқа айтулары керек. Қорытынды сында мемлекеттік тілде құжат әзірлеулері тиіс, мұнда іс-қағаздарды қазақ тіліне аудару және берілген тапсырмаға байланысты сөйлем құрау талабы қойылды. Қазылар алқасы үміткерлердің тіл байлығына, дауыс мәнері мен сахналық мәдениетіне баса назар аударды. Бүгінгі өткен қалалық байқау 18- 30 жас аралығындағы 14 талаптының басын қосты.

Айтжан Рахимова, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

– Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, оқып-үйренуін насихаттау, өзге ұлт өкілдері жастарының арасында қазақ тілін білу деңгейін көтеру мақсатында бұл іс-шара өтіп отыр.

Мемлекеттік тілді жақсы меңгерген байқау жеңімпаздары дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Әсел Күшенғалиева