Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған мемориалдық кешенге Франц Перницкий жиі келіп тұрады. Украина елінде туып-өскен оның ата-анасы 1936 жылы Қазақстанға қуғындалған. Поляктардың жанұясы жеке іспен айналысып, колхоз құрамына енбегендігі үшін айыпталыпты.
Франц Перницкий:
– 1936 жылдың сәуір айында ата-анам қазіргі Тайынша ауданына қоныстанған. Оларға сыртқа шығуға, жеке іспен айналысуға рұқсат берілмеді. Ағам да біраз уақытқа дейін оқуға түсе алмаған.
Франц Перницкий ата-анасы Қазақстанға қоныс аударғасын 7 жылдан соң дүниеге келіпті. Репрессияға ұшыраған отбасында туған ол тоталитарлық жүйенің жастайынан зардабын көріп өскен. Тек 1956 жылы ғана оның жанұясына сыртқа шығу құқығы беріліпті.
Франц Перницкий:
– Біздің жанұямыз 1996 жылы ақталып, барлық құқығымыз қалпына келтірілді. Сол кезде мен репрессияға ұшырағандарға берілетін куәлікке ие болдым. Ол арқылы бірқатар жеңілдіктер алуға болды. Өзім өмір бойы ұстаз болдым, педагогикалық институтта математика пәнінен сабақ бердім.
Бастан өткерген қиыншылықтарға қарамастан Франц Перницкий жанұясының Қазақстанға көшіп келгеніне өкінбейді. Қазіргі таңда 2 баласы мен 3 немересі бар. Олар бейбітшілік пен тұрақтылық орнаған елде өсіп, білім алып, еңбектенуде. Ал бұл – ең бастысы дейді ол.
Инеш Шоқақова