Билік

“Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында үйлер салынып жатыр

 

 

 Бескөл ауылында 5 үй «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының аясында бой көтеріп жатыр. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 24 млн 500 мың және жергілікті қазынадан 6,5 млн теңге бөлінген. Жұмыс желтоқсан айында басталған болатын. Өңір жетекшісі тұрғын үйлерді жақын арада қолданысқа беруді тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
–  Тиісті құжаттарды әзірлеп, құрылысты жақын арада аяқтау қажет. Баспана 1 аптаның ішінде тұрғындар игілігіне тапсырылуы тиіс.

Қазіргі таңда өңірімізде экономикалық әлеуеті төмен 126 елді мекеннің тізімі жасалған. Оның 13-і -Қызылжар ауданында. Жаңа баспанаға қоныстанған тұрғындар бірден жұмыспен қамтылмақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Баспананы қолданысқа тапсырғаннан кейін тұрғындардың өздері де абаттандыру жұмыстарын жүргізуге атсалыспақ. Бастысы – мемлекет тарапынан берілген мұндай мүмкіндікті қалт жібермей, бөлінген қаражатты толықтай игеруіміз керек.

Нысан құрылысын «Алаугаз СК» ЖШС жүзеге асыруда. Серіктестік директорының сөзіне қарағанда жұмыстың 90 пайызы еңсерілген. Енді еден төсеп, инженерлік және коммуналдық желілерді тарту ғана қалып отыр.

Инеш Шоқақова