Спорт

«Қызылжардың» өз алаңындағы жеңісі



 

«Қызылжар» клубы бұған дейін 5 кездесу өткізді. Оның екеуінде жеңсе, қалған құрамалардан жеңілген. Өкінішке қарай өткен ойында жарақат алған ең мықты шабуылдаушыларының бірі Денис Малинин бұл жолы да алаңға шықпады. Әйтсе де біздің жерлестеріміз қонақтарға мықты екендіктерін көрсетуге тырысты. Қарсылас та оңайлықпен берілмеді. Сөйтіп, бірінші таймның соңына дейін командалар бір-бірінің қақпасын шабуылдаумен ғана шектеліп отырды. Екі команданың ойыншылары бағыттаған голдар діттеген жеріне жетпей, қақпаның жанынан, үстінен өтумен болды. Дегенмен жанкүйерлер жерлестеріміздің жеңіске жететініне сенімді болды.

Бүгінгі ойынның нәтижесі бойынша біздің команда жеңіске жетеді деп ойлаймын. Екі команда да жеңіске жетуге тырысып жатыр.Бірақ біздің команда басымырақ ойнауда, жеңіске жететін шығар.
Өзіміздің «Қызылжар» жеңеді деп ойлаймын. Жақсы ойнап жатыр.Бірақ ана команда да осал емес. Негізі есеп ашылмаса да басымдылық бар сияқты. Енді аяғын күтеміз.
Ойындары ұнап тұр. Кішкене жақсы ойнау керек сияқты. Мына команда мықты екен. Біз  «Қызылжар» жеңеді деп ойлаймыз. 

Үзілістен кейін командалар қайта алаңға шықты. Екінші тайм барысында қос құраманың бірнеше ойыншысы ауыстырылды. Десе де, қақпаға қарай бет алған айып доптар да есепті ашпады. Тек 2 таймның соңында ғана “Қызылжар” командасының жартылай қорғаушы Станислав Шуляк қарсы құраманың қақпасына гол соқты.

Екінші таймның соңғы минуттарында қарсылас команда есепті теңестірудің амалдарын жасағанымен, жағдай өзгермеді. Сөйтіп, біздің аяқ доп шеберелері “Жас” құрамасын 1-0 есебімен жеңді. Алда солтүстікқазақстандықтар 11 ойын өткізеді. Кезекті ойын 10 маусымда өтпек. Онда жерлестеріміз өз алаңында Өскеменнің “Восток” командасын қабылдайды.

Гүлбану Ахметова