Білім

Соңғы қоңырау соғылды

 

 

 

Бүгін тірек-қимыл жүйесі зақымданған мүгедек балаларға арналған үй-интернатының түлектері үшін маңызды күн. Олар осы жылдар ішінде екінші үйлеріне айналған оқу орнымен қоштасып, үлкен өмірге қанат қаққалы тұр. Көңілде қимастық пен толқу бар.

Андрей Простолупов:
-Мінеки, мектебімізбен қоштасып, үлкен өмірге қадам басқалы тұрмыз. Әрине, көп жылдар бойы бізге қолдау болып, тәрбиелеген аяулы жандарды, достарымызды қимаймыз. Енді алдағы уақытта да барлық қиындықтарды жеңіп, осы өмірден өз орнымызды табамыз деген үміттемін.

Диана Шмидт:
-Мектепте алған білімімді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Ұлттық бірыңғай тестілеуді жақсы тапсырып, медициналық колледжге оқуға түскім келеді.

Түлектер алтын ұяларымен қоштасса, интернат қызметкерлері үлгілі тәрбиеленушілерін үлкен өмірге қанаттандырады. Ал ата-ана кешегі бірінші сыныпқа барған баласының ер жеткеніне қуанады.

 Евгения Володина, Петропавл тірек-қимыл жүйесі зақымданған мүгедек балаларға арналған үй-интернатының директоры:
-Біздің түлектеріміз алдарына айқын мақсат қоя біледі. Олар жоғары оқу орнына түсіп, білімдерін жалғастыруды мақсат етіп отыр. Өткен жылы екі түлегіміз М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-не оқуға түсіп, бүгінде таңдаған мамандықтарын меңгеріп жатыр.  

  Райса Самаева:
– Бүгін қызым оқу бітіріп жатыр. Қуанышты күн. Осы интернатта жеті жыл оқыды. Ұжымға рақметімді айтқым келеді. Жақсы білім, тәрбие берді. Енді білімін жалғастыруды көздеп отыр.

Түлектерді осынау күнмен құттықтау үшін үй-интернаттың негізін қалаған Шәміл Шақшақбавтың ұлы Вадим Шақшақбаев арнайы келген. Оның әкесінің өмір жолы көпке үлгі болды. Ол қиындықтарға мойымай, әрқашан алға батыл қадам басуды үйреткен жан. Интернат тәрбиеленушілері осылайша алдарына айқын мақсат қойып, барлық асуларды бағындыруға дайын. Олардың көздегені – жақсы білім алып, көңілдері қалаған мамандық иесі атану.
 
Айымгүл Әбілева