Үстіміздегі жылдың бірінші шілдесінен қала тұрғындары пайдаланған жылу энергиясының құнын сараланған тариф бойынша төлемек. Яғни есептеуіш құрылғылары бар баспана иелері қаржысын үнемдейтін болады. Өйткені мұндай жабдықты орнатпаған азаматтар жылу үшін әлдеқайда көбірек шығынданатын көрінеді. Мәселен, арнайы құрылғы орнатылған баспананың иелері 1 шаршы метр аумаққа берілетін жылу үшін орташа алғанда 38 теңге, ал орнатпаған жағдайда шамамен 72 теңге төлеуі мүмкін. Сондықтан, жылумен қамтушы кәсіпорын басшылығының тұрғындарға айтар ұсыныстары бар.
Мағауия Сағындықов, “Севказэнергосбыт” ЖШС директорының міндетін атқарушы:
– Азаматтар құрылғыны өздері сатып алып, орната алады. Егер де қаражат болмаса, «Севказэнергосбыт» ЖШС 12 айға несиеге береді. Бұл құралға ие болу үшін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы аясында қалалық әкімдіктің де көмегіне жүгінуге болады.
Жиын барысында есептегіш құралдарды пайдаланып отырған азаматтар өз ойларымен бөлісті. Мәселен, «Сантехник» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Иван Мясниковтың қарамағында көпқабатты 3үй бар екен. Соның бірі, Шоқан Уәлиханов көшесіндегі 34-үйде есептегіш құрылғы 1997 жылы орнатылыпты.
Иван Мясников, «Сантехник» ПИК төрағасы:
-Құрал – біз пайдаланатын жылу энергиясын есептейді. Сондай-ақ бұл жабдық арқылы қанша жылу энергиясын пайдаланғанымызды көруге болады. Бұл жылуды үнемдеуге жол ашады. Мәселен жабдық орнатқан Шоқан Уәлиханов көшесіндегі 34-үйдің иелері биыл жылу энергиясын пайдалану кезінде 860 мың теңгені үнемдеді.
Бүгінде қаламыздағы 187 үйдің тұрғындары пайдаланған энергияны есептегіш құралдардағы көрсеткіш бойынша өтейді. Кездесуде сондай-ақ апаттық жағдайдағы ағаштарды кесу туралы да сөз қозғалды. Үстіміздегі жылы қалалық бюджеттен бұл бағытқа 12 млн теңге бөлу қарастырылған.
Айдана Демесінова