Спорт

Қаржыгерлер арасындағы футбол жарысы


 

Қаржыгерлер арасында ұйымдастырылған жазғы банкиада аясындағы шағын футбол турнирін қала әкімі Болат Жұмабеков ашты.

 Болат Жұмабеков, Петропавл қаласының әкімі: -Футбол турнирі жақсы бір дәстүрге айналды. Және тағы да бір жақсы көрсетікіш, турнирге қатысатындардың саны 2 есеге көбейіп отыр. Сіздерге бұл жолда жеміс, жеңіс тілеймін.

Шағын футбол турнирі 17 жыл қатарынан өткізілуде. Бұл жолғы жарыс өңір қаржыгерлерінің 16 құрамасын жиды. Оның екеуі кілең нәзік жандардан жинақталыпты.

 Жомарт Қажырахымов, ҚР” Ұлттық банкі” СҚОФ директоры:

– Дәстүр бойынша жеңімпаздарға тағайындалған  жүлделерді ата-ана қамқорынсыз қалған жетім балалар мен спорттық интернаттың тәрбиеленушілеріне тарту етеміз. Банкта тек естелік ретінде кубок қана қалады.

Іріктеу сындары бірден екі алаңда өтуде. Бір алаңда «Нұрбанк» пен «БТА-ның» әуесқой аяқдопшылары кездесуді бастап кетті. Алғашқы минуттардан-ақ «БТА» футболшылары тізгінді өз қолдарына алды. Ұтымды шабуылдардың нәтижесінде қарсылас қақпасына жауапсыз 4 бірдей гол соғылды. Оның 3-уі қақпаның кілтін таба білген Тимофей Криштальдің еншісінде. Банк қызметкерінің футболмен әуестенгеніне бірнеше жыл болыпты.

Тимофей Кришталь, БТА банкінің ойыншысы:

– Мұндай ойындардың 10 жылдан астам уақыт өтікізіліп келе жатқандығы қуантады. Жыл санап қатысушылардың саны мен сапасы да артып келеді. Алдағы уақытта банк қызметкерлері арасында футболдан дүбірлі дода болатынына кәміл сенемін.

Доданың мақсаты – қаржыгерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттау дейді ұйымдастырушылар. Ал төрешілер болса, тартысқа қатысушылардың әуестіктері әбден пысықталып, олар тіпті кәсіби футболшылардан кем ойнамайтынын айтады.

 Денис Виноградов, турнирдің бас төрешісі:

 – Жыл сайын қатысушы командалардың шеберлігі артып келетіні байқалады. Соққан голдары әдемі, шабуылдары да жақсы ұйымдастырылған.  

Футболдан өңірдің үздік банк құрамасын мамырдың 26-сы  күні өтетін ақтық кездесу анықтайтын болады.

Әсел Күшенғалиева