Спорт

Олимпиадалық жүгіру күні



 

Елімізде 19 жыл бойы өткізіліп келе жатқан дәстүрлі «Олимпиадалық жүгіру күні» биыл «Олимпиада күні» деген атаумен ұйымдастырылды. Спорттық мереке 19 мамырда еліміздің бар аймағында таңғы сағат 10-да басталды. Қалада аталмыш шараны облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов ашты.

Фархад Қуанғанов, облыс әкімінің орынбасары:

-Бүгінгі іс-шара салауатты өмір салтын насихаттап, спортсүйерлер қатарын кеңейтуге, бұқаралық спортты дамытуға үлкен әсерін тигізеді деп сенемін.

 Олимпиадалық күнге атсалысқан қалалықтар облыстық Н.Погодин атындағы орыс драма театры алаңынан Тәуелсіздік саябағына дейінгі арақашықтықты жүгіріп өтті. Мерекелік шараны жастар да, ересектер де қолдап шыққан.

– Көңіл-күйіміз тамаша. Барлығынан да бірінші келдік. Жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырамын.
– Осындай спорттық іс-шараларды өткізіп тұру керек. Барлығымызда спортпен айналысуымыз керек.
– Біз бүгін олимпиадаға қатысушы спортшыларды қолдау үшін келіп отырмыз. Осындай мереке өткізіліп жатқанына өте қуаныштымыз.

«Дүние жүзілік Олимпиада күні»  Халықаралық Олимпиада комитетінің шешімімен 1948 жылдан бері өткізіліп келеді. Содан бері бұқаралық спорттық шараларды өткізу Олимпиада қозғалысының дәстүріне айналды. 1987 жылдан бұл шараға «Олимпиадалық жүгіру күні» атауы берілді. Осынау тарихы тереңде жатқан күнді Лебедевтер отбасы да атап өтуді жөн көріпті.

Надежда Малыкина:

– Біз спортпен айналысқанды жақсы көреміз. Бұл күнге апам, күйеу балам, немере-жиендерім қатысып отыр. Осындай аралықты тағы бір жүгіріп өтуге де дайынбыз.

Әрбір қатысушыға жарыс аяқталған соң Халықаралық Олимпиада Комитетінің президенті Жак Роггенің қолтаңбасы бар сертификат табыс етілді.

Әсел Күшенғалиева