Мәдениет

Мамырдың 18-і – Халықаралық мұражай күні

 

 

Халықаралық мұражай күні қарсаңында өткізіліп отырған шара суретші, мүсінші, фотографтар мен өзге де бейнелеу өнеріне әуес жандардың басын қосты. Олардың бірқатарының жеке шығармашылығын танытатын көрмелер осы өнер ошағында ұйымдастырылған болатын.

Ирина Паламарчук, СҚО бейнелеу өнері мұражайының директоры:
– Біздің бейнелеу өнері мұражайы  шығармашыл адамдардың орталығына айналды. Біздің қорда қазақстандық бейнелеу өнерінің шеберлері Әбілхан Қастеев, Сахи Романов, Шарденов сияқты суретшілердің туындылары бар. Одан бөлек, біз осы заманғы қылқалам иелерінің еңбектерін көрсетуге тырысамыз.

Мүсінші Владимир Гачинский өз туындыларын ағаштан ойып жасайды. Бүгін мұражай қоры оның «Томирис» деген жаңа туындысымен толығып отыр.

 Владимир Гачинский, мүсінші:
Менің 6 еңбегім осы мұражайда тұр. Ағаштан мүсін жасаушы ретінде мұны өзіме көрсетілген құрмет деп білемін. Мұражай қызметкерлерінің еңбегі өте зор. Өйткені олар ағартушылық жұмыс атқарып отыр.

Суретші Вячеслав Смирнов та бүгінгі кездесуге құр қол келмеген. Мұражай қорына сыйлық ретінде ол өзінің «Жайдарлы күз» туындысын сыйға тартты.

 Вячеслав Смирнов, суретші:
Мен үшін бұл мұражай өте қымбат. Мұнда менің жеке 4 бірдей көрмем ұйымдастырылды. Осында өткізілетін көрмелердің әрқайсысына қатысуға тырысамыз.

Мұражай қорын толықтырған жаңа туындылар алдағы көрмелерде жұртшылық назарына ұсынылады.

Әспет Әбдірешова