Қоғам

Соғыс жаңғырығы

 

 

Григорий Боровский аса толқып тұр. Себебі оған 70 жыл бойы күткен әкесі туралы хабар жетті. Сұрапыл соғыс жылдары сержант Василий Боровский хабар-ошарсыз кеткен болатын. Тіпті оның есімі «Боздақтар» кітабына да енбепті. Майдан даласына ол 1941 жылы аттанады. Ал біраз уақыт өткеннен кейін Василий Боровскийдің із-түссіз жоғалғандығы жайында хабар келеді. Григорий Боровский әкесі ұрыс даласына аттанғанда не бары 5 жаста екен.

  Григорий Боровский,  майдангердің ұлы:
Әкем жайындағы соңғы есімде қалғаны – оның соғысқа аттанған кезі. Сол жолы ол мені көтеріп алып, маған ұзақ қараған еді. Бұл менің оны соңғы рет көруім екен.

Сержант Боровский Тверь облысының Дорогино елді мекенінде жерленіпті. Аты-жөнін қызыләскер  кітапшасына қарап анықтаған.

Александр Самойлов,  СҚ «Поиск»  отрядының командирі:
Бүгінде Ржев қаласында боздақтың айна, қайрақ, қызыләскер кітапшасының қалдықтары сақтаулы. Санаулы күндерден кейін ол заттар туыстарына табысталады.

Ал Василий Боровскийдің немересі Валентина Шалина өзі әрекет жасап, атасы жайында бұған дейін де ақпарат табуға тырысқан.

  Валентина Шалина, майдангердің немересі:
Біз бұған дейін де көптеген жерлерге хабарласып, хаттар жібердік. Көптеген ұқсас есімдер де шығып жатты. Атамды табуға көмектескен адамдарға алғысым шексіз.

Бүгінде ешбір хабар-ошарсыз кеткен жауынгерлерді іздеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Соңғы 3 жыл ішінде облыстық әскери комиссариат пен «Поиск» іздеу отрядының бірлесуімен майдан даласынан оралмаған бірқатар боздақтар табылған.

Әспет Әбдірешова