Мәдениет

«Мамыр жұлдыздары»



 

Әскери-патриоттық әндерді орындауға бағытталған «Мамыр жұлдыздары» байқауын өткізу игі дәстүрге айналып отыр. Осымен 10-рет ұйымдастырылған сайыста бұл жолы 16 орындаушы бағын сынады.

Наталья Пульникова, СҚО мәдениет басқармасы бастығының орынбасары:
– Бұл байқау жыл сайын өткізіледі. Оған облысымыздың 13 ауданы мен Петропавл қаласының орындаушылары атсалысуда. Әндер сайысына 16 мен 35 жас аралығындағы жандар қатыса алады.

Байқауда бірінші болып өнер көрсеткен Гүлжаз Құлманова мен Қуаныш Ерзатұлының жұбы «Ана туралы баллада»әнін орындады.

Гүлжаз Құлманова, байқауға қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Бұл әнді біз бір айдан аса дайындадық. Конкурсқа келгендегі мақсатымыз – жеңіске жету. Бүгінгі сайысып отырған үміткерлерге сәттілік тілейміз, жолдары оңынан болсын.

Тимирязев ауданынан келген Әсем Тілеубаева байқауға тұңғыш рет қатысып отыр. Әскери тақырыптағы әндер жастарды отансүйгіштікке тәрбиелейді дейді ол.

Әсем Тілеубаева, байқауға қатысушы, Тимирязев ауданы:
– Мен «На безымянной высоте» деген әскери әнді дайындап әкелдім. Осы туындыны орындағанда көз алдыма сұрапыл соғыс жылдарының ауырлығы елестейді.

Сайысқа қатысушылардың барлығы дипломдар және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Әспет Әбдірешова