Спорт

Футболдан шеберлік сағаты



Жасыл алаңда «Қызылжар» командасының аяқ доп шеберлері болашақта өздерінің іздерін басар жас футболистерге шеберлік сыныбын өткізуде. «UEFA» еуропалық футбол ассоциясы одағының қолдауымен осымен 12 жыл футбол апталығы жалғасып келеді. Соның аясында облыста да дәстүрлі спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды.

 Валерий Евдокименко, «Қызылжар» футбол клубының президенті:
-Еуропа футбол апталығына орай көптеген шаралар өткізу ойда бар. Соның бірі – біздің футбол командасының жаттықтырушылары “Жеңіс” және футболдан балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілеріне шеберлік сыныбын ұйымдастырып отырмыз.  

Футболдың қыр-сырын меңгерген тәжірибелі ойыншылар балаларға допты пасқа дұрыс беру, қақпаға соғылған допты қағу ережелерін үйретуде.

Юрий Чухлеба, «Қызылжар» футбол командасының бас жаттықтырушысы:
– Мұндай кездесуді үнемі өткіземіз деуге болады. Жас футболшылар шеберлерге қарап бой түзейді. Балалардың жаттығуға деген құлшынысы да жаман емес.

Футболға әуес балалар   өз кезегінде шеберлер көрсеткен әдіс-тәсілдерді қалтқысыз орындауға тырысып-бағуда.

Мен футболды ұнатамын. Осы жылдан бастап барып жүрмін. Атақты футболист болғым келеді.
Футбол өте жақсы. Футболмен денең шынығады.
Футболға денсаулық зор болсын деп қатысамын. Ол маған өте ұнайды. Өйткені футбол денені шынықтырады, күш береді.

Еуропа футболы апталығының аясында өткізілетін спорт шаралары 20 мамырға дейін жалғаспақ.

Әспет Әбдірешова