Құқық қорғау органдары

Әскери прокуратура тексерістері


 

Жыл басынан Петропавл гарнизонының әскери прокуратурасы 20-дан астам тексеріс жүргізген. Нәтижесінде әскери бөлімдердің командирлеріне олқылықтарды жою үшін 31 ұсыныс пен 4 наразылық жасалып, азаматтық іс бойынша 5 арыз қанағаттандырылды. Аталған заңбұзушылықтардың салдарынан мемлекетке келтірілген шығын 170 мың теңгені құрапты.

Нұрлан Алпысов, Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:
-8 құқықтық акт бұзылып, өзгертілді. 46 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Соның ішінде құқық бұзып, жемқорлықтың орын алуына жол берген 2 тұлға бар. Бұл азаматтар қызметінен босатылды.

Үстіміздегі жылы Щучинск қаласындағы кадет корпусының 3 және шекара қызметінің 2 қызметшісі де жұмыстан шығарылды. Сондай-ақ, жуырда ғана офицердің өз қызметіне жауапсыздығы салдарынан бір азамат көз жұмды. Көкшетау қаласындағы 5510 әскери бөлімінің материалдық-техникалық қамту ротасының командирі Мырзаболат Асылбек түнгі ату-жаттығу шаралары кезінде бұйрықсыз нысананы көздеген. Атылған оқтың бірі осы бөлімнің сержанты Мақатовты  мерт қылды.  

Нұрлан Алпысов, Петропавл гарнизонының әскери прокуроры:
– Әскери соттың үкімі бойынша Мырзаболат Асылбек Қылмыстық кодекстің 390-бабының 2-тармағына сәйкес айыпты деп танылды. Бұл шешім бойынша ол 2 жылға бас бостандығынан айырылуы тиіс. Алайда амнистия заңы бойынша ол жазадан босатылды.

Айта кету керек, соттың үкімі күшіне еніп үлгерген жоқ. Әзірге Петропавл гарнизонының әскери прокуратурасы оның заңдылығын тексеруде.

Айдана Демесінова