Құқық қорғау органдары

Теміржолдағы прокурорлық тексеріс


 

Осыдан екі ай бұрын көлік прокуратурасының қызметкерлері кәсіпкерлермен кездескен болатын. Дөңгелек үстел барысында теміржол көлігі арқылы жүк тасымалдауға қатысты туындайтын мәселелер талқыланды. Осыған сәйкес қадағалаушы орган наурыз-сәуір айларында Оңтүстік Орал теміржолының Петропавл бөлімшесін тексерістен өткізген. Анықталған заңбұзушылықтар аз емес.

Нұрболат Қатуов, СҚО көлік прокуроры:
– Жүк тасымалдаушылар тарапынан жіберілген олқылықтар негізінен вагондарды уақытылы бермеу, тарифтердің өзгеруі жайлы алдын-ала хабарламау болып табылады. Және 34 кәсіпкерден заңсыз айыппұл  өндірілген.  

Көлік прокурорлары 1 млн 419 мың теңге көлеміндегі заңсыз өндірілген қаражатты кәсіпкерлерге қайтару туралы ұсыныс жасаған. Енді жеке іс иелері сотқа шағымданбақ. Сондай-ақ теміржол бойында жолаушылар құқығының қорғалуы мен қауіпсіздігінің сақталуы да тексерілді.

Нұрболат Қатуов, СҚО көлік прокуроры:
– Теміржол вокзалында ана мен бала бөлмесі жоқ, мүгедектерге де жағдай жасалмаған. Арнайы өтетін баспалдақтар қолданылмайды.

Қадағалаушы орган қызметкерлері жолаушылар тасымалдайтын поездарды 1-ші жолмен жүргізу жөнінде де ұсыныс жасаған. Тексеріс нәтижесінде анықталған олқылықтарды жоюға 1 ай уақыт беріліп отыр.

Инеш Шоқақова