Білім

Биыл ұлттық бірыңғай тестілеуді тапсыру ережелеріне бірқатар өзгерістер енгізілді

 

 

Биыл облысымызда 5177 түлек мектеп тәмамдайды. Олардың 3291 ҰБТ-ге қатысуға ниет танытыпты. Бұл оқушылардың 125-сі «Алтын белгі» иегері атағына, ал 107-сі үздік аттестатқа үмітті. Әдеттегідей  облыста жауапты емтихандар 8 пунктте тапсырылмақ. Солтүстік Қазақстан облысында мектеп түлектері бұл сыннан маусымның 4-і мен 6-сы күндері өтпек. Емтихан өтетін орындарда бейнекамералар орнатылады. Биыл ҰБТ тапсыру ережелері де күрделене түсіпті.

Балшекер Бақтыбаева, СҚО білім басқармасының бас маманы:
– Биылғы оқу жылында ҰБТ ережелеріне келесі өзгерістер енгізілген. Ол – мемлекеттік комиссия құрамы 5 адамға дейін кеміді және ұялы телефонды пайдаланған оқушылар ЖОО түсу мүмкіншілігінен айырылады және мектепте дәстүрлі түрде емтихан тапсырады.

Колледж тәмамдап, жоғары оқу орындарына түсуді көздеген жастар да тестілеуден өтетін болды.

Жангелді Сейтзадин, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:
-Былтыр бітірген балалар және колледж бітірген балалардың барлығы жоғары білім аламын десе, олар міндетті түрде кешенді тестілеуден өту керек. Кешенді тестілеуге қатысу үшін  маусымның 23-нен бастап 9-шілдеге дейін құжаттарды тапсыру керек.

Түлектерге жоғары оқу орындарына түсу үшін өткен жылғыдай, 50 ұпай жеткілікті болса, медициналық білім беретін оқу ошақтарында ең кемінде 55 ұпай жинау талабы қойылып отыр. Ал ұлттық деңгейдегі жоғары оқу орындарының студенті атанғысы келетін жеткіншектер 70 ұпай жинау қажет.

Айдана Демесінова