Денсаулық сақтау

Балалар емханасындағы сауықтыру шаралары

 

Баланың дені сау болып өсуі үшін оған жастайынан, тіпті ол анасының жатырында толық өсіп-жетілуі үшін педиатр дәрігерлер тарапынан зор көңіл бөлінеді. Қалалық балалар емханасының дені сау бала кабинетіне келген жас ана Анна Мелько 6 айлық ұлы Сергейді кезекті дәрігер қабылдауына әкеліп, денсаулығын тексертті.

Анна Мелько, жас ана:
Осында бала дүниеге келгеннен бері келіп тұрамыз. Мұнда үнемі баланың салмағын, оның бойын өлшеп отырады. Баланы дұрыс қарау, оның денесін сылап, уқалау сынды пайдалы кеңестер аламыз.

Балалардың дұрыс тамақтануы, уақытымен ұйықтауы, тиісті дәрумендерді қабылдауы – оның дені сау болып өсуінің басты кепілі дейді медицина қызметкерлері.

Светлана Есетова, Петропавл қалалық балалар емханасының фельдшері:
Мұнда алдымен аналар жүкті кезінде келеді. Бізде әр жұма күні жүкті әйелдермен жаттығу жұмыстары өткізіледі. Мұнда аналарға баланы қалай дұрыс тамақтандыру керек, жаңа туған сәбиді қалай күту керектігі, тіпті, дұрыс тәрбиелеу мәселелеріне өз жаттығуларымызды арнаймыз.  

Ал күндізгі стационарға емделуге келген балалар  мамандардың қабылдауында болып, психологтың да ақыл-кеңесін тыңдай алады. Мәселен, бір бөлмеде ароморефлексотерапиямен емдеу шарасы жүргізіледі. Яғни, балаларға жағымды әуенді анасымен бірге 15 минут тыңдау керек.

Ирина Миронова, Петропавл қалалық балалар емханасының күндізгі стационар бөлімінің меңгерушісі:

– Күндізгі стационарда түрлі патологиямен: жүйке жүйесі зақымданған, ішек-қарын ауруларына шалдыққан балалар көп келеді. Осыны ескере отырып, біз көбіне дәрі-дәрмек қолданбауға тырысамыз.

Осындай емдеу шараларына Бибігүл Оразғалиева 3 жасар ұлын сегізінші күн әкеліп отыр. Аталған емнің алғашқы нәтижелері де жаман емес дейді.

Бибігүл Оразғалиева, ана:
Емдеу шараларына қатысып жүрміз. Бізге мұнда өте ұнайды. Қызмет көрсететін мамандар да өте жақсы. Нәтижесі де ойдағыдай.  

Ал балаларды сауықтыру бөлімінде дене шынықтыру жаттығуларымен айналысатын сенсорлық бөлме, инголятория, сонымен бірге  оттегі коктейлі  ұсынылады. Балаларға да мұнда келген ұнайды.

Галина Быковская, Петропавл қалалық балалар емханасының сауықтыру бөлімінің меңгерушісі:
Бүгінгі таңда балалар арасында депрессия, ата-ана тарапынан тиісті көңіл бөлінбеушілік сынды мәселелер көп. Сол себепті біз психологтың көмегіне жүгінеміз.

Бүгінгі таңда медициналық мекемеде жаңа туған сәбиден 15 жасқа дейінгі 23 800 бала ем қабылдайды. Күндізгі стационарға 1230 кішкентай петропавлдық келеді.

Әспет Әбдірешова