Ауыл шаруашылығы

Бал өндірісі кеңейеді

 

 

 

Арнайы жүк көлігімен өңірімізге жоғары өнімді карпат аралары жеткізілді. Тасымалдаушы жетпей жатып омарташылар ұзын-сонар кезекте тұр. Өйткені қырғызстандық қанаттылардың бір жанұясы 60 келіден артық бал жинайтын көрінеді. Бұл еңбекқор әсел өндірушілер балды дақылдар гүлдесімен үш ай бойы тынымсыз жұмыс істейді екен.

Олег Гаврилов, “Солтүстік Қазақстан омарташыларының қауымдастығы” бірлестігінің төрағасы:
– Асыл тұқымды ара өсіретін шаруашылықтан алдық. Соңғы 12 жыл қатарынан қырғызстандық омарташылармен әріптестік орнатып келеміз. Бұл жолы мыңға тарта ара жанұясын сатып алдық. Келесі жылы бұдан әлдеқайда көбірек аламыз деп келістік.  

Өңіріміздің қатал климатына тез бейімделіп кететін асыл тұқымды бал өндірушілерге деген сұраныс мол. Бүгінде облыстық омарташылар қауымдастығына 120-дан артық жерлесіміз мүшелікке кірген. Василий Синягинның омарталар қойып жүргеніне 4 жыл болыпты. Түрлі дерттерге шипа боларлық дәруменге толы өнімнің қасиетін жақсы түсінетін ол аралардың 26 жанұясын бір-ақ алды.

Василий Синягин, «Солтүстік Қазақстан омарташыларының қауымдастығы»   бірлестігінің мүшесі:
– Бұл әуестігімді қалай алып қарасаңда өте тиімді. Асқа пайдаланамыз, артылғанын сатамыз. Ал карпат тұқымдастары тіпті жақсы. Оларға қажет қарақұмық пен түйежоңышқа сынды балды дақылдарды себемін.

Омарташылар балды өткізу бойынша қиындық тумайтынына сенімді. Бұған дейінгідей табиғи таза өнім қала мектептері мен қарттар үйлеріне, соғыс ардагерлері мен сауда орындарына жеткізіледі.

Жеңіс Ермұқанов