Қоғам

Облыс әкімі ардагерлерді құттықтады


 

Садықан Қазбаев 18 жасында әскерге шақырылып, алдымен Новосібірде арнайы дайындықтан өтеді. Қан майданға қырық үшінші жылы түскен. Сол сұрапыл жылдарды қария ешқашан ұмытқан емес. Ұлы Отан соғысынан кейін майдангер Жапон шайқасын да көрген. Туған елге 1947 жылы ғана оралады. Бейбіт күндері қырық жылдан астам орман шаруашылығында қажырлы еңбек етеді. Осы күні тоқсанға таяған ардагер зайыбы Рабиға апай екеуі жеті бала тәрбиелеп өсірген. Қазір 14 немере мен 4 шөберенің қызығын көріп отыр. Кейінгі ұрпақтың жарқын келешегі үшін күрескен ардагерді Ұлы Жеңіс күнімен облыс әкімі Серік Біләлов арнайы келіп құттықтап, сыйлық тарту етті. Облыс әкімі мерекемен Афанасий Васюткинді де құттықтады. Соғыс ардагері үшін 9 мамыр Жеңіс күні айырықша қымбат мереке. Сондықтан бүгін оның көңіл-күйі ерекше көтеріңкі. Құрметті қонақтарды да ыстық ықыласпен қарсы алды. Афанасий Васюткин Днепр, Польша, Одер, Берлин, Эльба, Чехословакияда өткен ұрыстарға қатысады. Туған елге оралғасын ел игілігі үшін қажырлы еңбектенген. Енді бүгінде қарт майдангер тағылымды тәжірибесімен, ұлағатты ақыл-кеңесімен жас ұрпақты тәрбиелеуге үлес қосуда.

Айымгүл Әбілева