Татьяна Таранкова өзінің әкесін соңғы рет 5 жасында көріпті. Платон Авдеенко соғыс басталысымен майдана аттанған. Бастапқыда ол отбасымен хат алмасып тұрыпты. Кейін байланыс үзілген. Енді міне 60 жылдан астам уақыт өткен соң ғана жауынгердің ұрпағы оның жерленген жерін біліп отыр.
Татьяна Таранкова:
– ҰОС Жеңістің 60 жылдық мерейтойына орай жарық көрген естелік кітапта әкеміздің аты-жөнін көрдік. Мен бірден РФ Орлов облысындағы әкемнің жерленген жерін көруге аттандым. Осындай мүмкіндік үшін кітап авторлары мен «Поиск» тобының құрамындағы азаматтарға алғысымды білдіргім келеді.
РФ Орлов облысының Толкачево селосындағы жауынгерлердің жерленген жерін солтүстікқазақстандық «Поиск» тобы анықтаған. Олардың арқасында 20 жылдың ішінде 50-ден астам адамның аты-жөні белгілі болып отыр.
Николай Федоров, «Поиск» ҚБ жетекшісі:
– Жауынгерлердің жерленген жерін, аты-жөнін анықтау – негізгі борышымыз. Әрбір жауынгердің ерлігін біліп, есте сақтауымыз қажет. Сондықтан біздің тобымыз іздестіру жұмыстарын жалғастыруда.
Майданға 74 мыңнан астам солтүстікқазақстандық жауынгер аттанса, 16 554 -і хабарсыз кеткен. Дегенмен жыл сайын жауынгерлердің жасаған ерліктері мен қандай ұрыстарға қатысқандығы белгілі болуда.
Иосиф Марцинкевич, СҚО қорғаныс істері жөніндегі департамент бөлімі бастығының аға көмекшісі:
– Қазіргі таңда із-түзсіз жоғалған тағы 13 жауынгердің жерленген жері анықталды. Оның 12-сі тұтқында болған екен. Енді қорғаныс істері жөніндегі бөлімдер арқылы олардың туғандарын іздестірмекпіз.
Бұл жұмыс Отан қорғау жолында аянбаған жауынгерлердің ерлігін кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру мақсатында ұйымдастырылып отыр.
Инеш Шоқақова