Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мамырдың жетісінде ҚР Қарулы күштерінің құрылғанына 20 жыл толды

 


Биыл жетінші мамыр мерекесінің маңызы айырықша. Өйткені үстіміздегі жылы тәуелсіз Қазақстанның Қарулы Күштерінің құрылғанына 20 жыл толып отыр. Осы жылдар ішінде еліміздің корғаныс қабілетін нығайтуға, кәсіби армия кұруға ерекше көңіл бөлінді. Бүгінгі күні еліміздің қарулы күштері заман талабына сай деңгейде деп толық сеніммен айтуға болады.
Әскеріміз жаңарып, оның күш-қуаты жылдан жылға нығайып келеді. Жауынгерлік даярлық жоғары деңгейде, материалдық-техникалық жарақтандырылу басты назарда, жоғары әскери оқу орындарының жүйесі қалыптасқан. Бұған қоса әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға да үлкен көңіл бөлінеді. Салтанатты жиында үздіктер марапатталды. Адал және мінсіз қызметі үшін бір топ әскери қызметшіге “ҚР Қарулы күштеріне – 20 жыл” мерейтойлық медальдері табыс етілді.

 

 

Ринат Мударисов, СҚО қорғаныс істері департаментінің бөлім бастығы:
– Бүгін менің еңбегімді бағалап, медаль табыс етті. Қуаныштымын. Алдағы уақытта да отанымызға қызмет етуге даярмын.  

Сондай-ақ облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары да өз иелерін тапты. Осыдан кейін жиналғандар әскери парадтың куәсі болды. Облыстағы әскери құрылымдар М.Жұмабаев көшесі бойымен салтанатты саппен жүріп өтті. Еліміздің ішкі істер министрлігі ішкі әскері әскери институтының курсанттары көш басында. Одан кейін 6637 әскери бөлімінің әскерилері, шекарашылар, төтенше жағдайлар және ішкі істер департаменттерінің қызметкерлері үйлесімділік пен жауынгерлік дағды үлгісін көрсетті.  Әскери техника да жұртшылық назарына ұсынылды. Айта кету керек, ендігі уақытта 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болмақ. Осылайша бұл мерекенің маңызы мен салмағы артып отыр.

Айымгүл Әбілева