Мәдениет

Мағжан оқулары


 

Аталмыш сайыстың шымылдығын облыстық «Қазақстан-Петропавл» телеарнасының тілшісі Фариза Жазитова ашты. Ол – бұдан бұрын да бірнеше мәнерлеп оқу жарыстарына қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген қазақтың бұрымды қыздарының бірі. Фариза Мағжанның «Жаралы жан» өлеңін бар жан-тәнімен оқып, көрермен жүрегіне жеткізді.

Фариза Жазитова, облыстық «Қазақстан-Петропавл» телеарнасының тілшісі:

-Өте жақсы поэзия, қазақ халқы туралы, қазақ жұртының тағдыры туралы жазылған поэзия. Сондықтан мен осы туындыны таңдап алдым.

Алты алаштың ардақтысын облыс тұрғындары мақтан етеді, ақынның сағынышқа толы туындыларын сүйіп оқиды. Байқауға Махаббат Самұрат «Шолпанның күнәсі» прозасынан үзінді дайындап әкеліпті. Жерлес ақынның бұл прозасы жаныма жақын дейді ол.

Махаббат Самұрат, Петропавл құрылыс- экономикалық колледжінің студенті:

-Прозадағы Шолпанның мінез-құлық маған ұқсас деп айтуға болады. Мағжан менің поэзия жолындағы менің пірім болып табылады.

Жалпы жарыс 3 кезең бойынша өтуде. Бірінші кезеңде қатысушылар ақиық ақынның туындысын жатқа оқыса, екінші турда ережеге сәйкес жас қаламгерлер шығармашылық қоржынынан Отан, туған жер, тәуелсіздік тақырыбындағы және Мағжан туралы тырнақалды туындыларын оқып берулері керек. Қорытынды сында Мағжан шығармаларынан аудармалар оқылды. Әділ-қазылар алқасы үміткерлердің дауыс мәнеріне, мәтінді оқу шеберлігі мен сахналық мәдениетіне баса назар аударды. Бүгінгі таңда Мағжан оқулары игі дәстүрге айналып отыр. Биылғы қалалық байқау 18 – 30 жас аралығындағы 13 талаптының басын қосты.

Айтжан Рахимова, Петропавл қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

– Бұл байқаудың мақсаты Мағжан шығармаларын насихаттау арқылы тіл мәдениетін, көркем әдебиетті жандандыру және де қазақ жастары арасында талапты, талантты жастарды іздеп табу.

Бұл сында сүрінбей өткен мәнерлеп оқу шеберлері облыстық сынға жолдама алады.

Әсел Күшенғалиева