Кеден

Кеденшілер біліктілік сынағына дайындалуда

 

 

Бауыржан Құлжанов 20 жыл бұрын кедендік бақылау қызметіне келіпті. Сол уақыт аралығында талай тексерістен өткен көрінеді. Мұндай шаралар қызметкерлердің біліктілігін, олардың кәсіби икемін тексеруге септеседі дейді кедендік бақылау қызметінің ардагері.

Бауыржан Құлжанов, кинологиялық орталықтың бастығы, кедендік бақылау қызметінің полковнигі:
-Біз аттестация ұйымдастыру шешімін қолдаймыз. Бұл тексеріс ашық, әділ өтетіні қуантады. Осылайша құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби дайындығы анықталады. Сондай-ақ бұл саланы өз қызметіне немқұрайлы қарайтын қызметкерлерден тазартамыз деп үміттенемін.

Елбасы өз Жолдауында ағымдағы жылы шілденің біріне дейін құқық қорғау органдары қызметкерлерін аттестациядан өткізу міндетін қойған. Бұл тексерістен өңіріміздің 175 кеденшісі өтетін болады. Оның 49-ы құқық қорғау блогындағылар, қалғаны фискалды қызмет атқаратын азаматтар. Соңғылары белгілі бір лауазымдарға қайта тағайындалып, формалы киім кимейтін болады. Жалпы алдағы сында бұл қызметкерлердің кәсіби біліктіліктері жан-жақты сарапталмақ.

Гүлнар Бекболатова,  СҚО бойынша кедендік бақылау департаменті кадрлар бөлімінің бастығы:
– Кезектен тыс аттестаттау бірнеше сатыдан тұрады. ҚР заңнамасын білуге және логикалық ойлануға компьютерлік тестілеу. Екіншісі дене шынықтыру, әскери және қызметтік дайындығы бойынша бекітілген нормативтерді тапсыру және психологиялық ұстамдылық бойынша әңгімелесу өтеді. Үшіншісі әңгімелесу.

Арнайы залда өңір кеденшілерінің теориялық білімі таразыға салынады. Әрбір қызметкер 45 минут ішінде 60 сұраққа жауап беруі тиіс. Аттестацияның алғашқы кезеңі мамыр айының екінші онкүндігінде өтеді деп көзделуде.

Айдана Демесінова